«Алматы Тазалық» басшысы мердігерден 2,7 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді
«Алматы Тазалық» ШЖҚ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры мердігерден 2,7 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
«Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Алматы Тазалық» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», –делінген хабарламада.
Ол мердігер компания өкілінен 2,7 миллион теңге шамасында қомақты сомада ақша алды деген күдікке ілінді.
«Ақша атқарылған жұмыстар актісіне қол қоюға, мемлекеттік сатып алулар бойынша қосымша шарттар жасасуға және жалпы қамқорлық жасауға арналған», – деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.
Антикор күдіктінің кім екенін ашып айтпаған. Алайда uchet.kz сайтында Алматы қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Алматы тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы ретінде Токтасынов Адлет Кайратович деген адам көрсетілген. Мемлекеттік сатып алулар сайтында да Токтасынов «Алматы тазалық» басшысы деп жазылған. Кәсіпорын Алматы көшелерін тазалаумен айналысады.
Осыдан бес күн бұрын Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Жетісу ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп бастаған.
«Ол жергілікті кәсіпкерлерден 14 миллион теңге көлемінде пара алу бойынша күдікке іліккен. Қаражат мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасуға, орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюға және жалпы қамқорлыққа алуға жәрдемдесу үшін алынған», – деп жазылған хабарламада.