Әділ Мұхамеджанов «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары қызметінен кетті
Фото: «Бәйтерек» ҰБХ
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма құрамы өзгерді. Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов мерзімінен бұрын қызметінен кеткен. Бұл туралы хабарлама Қазақстан қор биржасы сайтында орналастырылған.
Ұлттық холдингтің басқарма құрамын өзгерту жайлы шешімді компанияның директорлар кеңесі 2023 жылдың 27 желтоқсан күні шығарған.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма мүшесі Әділ Бектасұлы Мұхамеджановтың өкілеттілігі 2023 жылғы желтоқсаннан бастап мерзімінен бұрын тоқтатылсын»,– делінген хабарламада.
Қазіргі кезде холдингтің Басқарма құрамы бес адамнан тұрады. Холдингтің басқарма төрағасы – Нұрлан Байбазаров. Басқарма құрамында Ұлттық статистика бюросының бұрынғы басшысы Нұрболат Айдапкелов, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің басшысы Ерсайын Хамитов, басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым және жақында ғана келген Вячеслав Сон бар.
Холдинг хабарламасында Әділ Мұхамеджановтың орнына кім келетіні жазылмаған. Әділ Бектасұлы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып 2021 жылдың мамырында тағайындалды. Оған дейін Холдингтің еншілес ұйымы – «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ-ны басқарған.
Әділ Мұхамеджанов холдингте тәуекел менеджментін дамыту, корпоративтік дамыту, стратегия, талдау және зерттеу мәселелеріне жетекшілік етті.
Былтыр қазан айының басында Нұрлан Байбазаров қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың орнына тағайындалған еді. Оны таныстырған кезде премьер-министр Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың холдингті трансформациялау жөніндегі тапсырмасын еске салған. Смайылов холдингтің жаңа басшысы бюрократиялық кедергілерді жойып, өтінім қарау мерзімін қысқартуы керек деп атап өтті.
2023 жылдың 9 айында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 400,1 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында алған 170,3 млрд пайдасымен салыстырақ, биылғы көрсеткіш 2,3 есе өскен.
2023 жылы холдинг өз қызмет бағытынан бөлек саладағы 4 мекеменің акциясын иеленген еді. Оның біреуі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компания болса, үшеуі дәнді дақыл өсірумен айналысады.