Жаңалықтар

Елорда әуежайында қайта құру жұмыстары көктемде басталады

аэропорт
Елорда әуежайында қайта құру жұмыстары көктемде басталады / shutterstock

БАӘ елінің Terminals Holding компаниясы елорда әуежайында дайындық және құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесін құрып, қайта жөндеу жұмыстарын 2024 жылы наурыз айының соңында бастамақ.

Жобаны іске асыру үшін жеке инвестор қаражаты жұмсалады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың көктемінде аяқталуы тиіс.

Бұл туралы Астана қаласы әуежайында Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың қатысуымен болған жиында айтылды.

«Әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жыл бұрын пайдалануға берілген және осы уақытқа дейін тек аэродром жабындарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген», – деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.

Кездесуде вице-министр әуежайда рейстерді тоқтатпай жұмыс жүргізу қажеттігі туралы айтқан.

Айта кетейік, 2023 жылы қазан айында Астана әуежайы БАӘ-нің Terminals Holding компаниясының басқаруына берілген.

«Terminal Holding компаниясымен ынтымақтастықты нығайту Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі әуежайларды мультимодальді орталықтар ретінде дамыту жөніндегі белгіленген міндеттерді іске асыруға елеулі үлес қосады», –деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Terminals Holding компаниялар тобы – Азия мен Африканың ірі нарығында тұтынушыларға қызмет көрсететін, сондай-ақ Abu Dhabi Ports ірі портты және өнеркәсіп компаниясымен байланысты қарқынды дамып келе жатқан авиациялық кәсіпорын. 

Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед Әл-Шамиси 2023 жылдың қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада кездесу өткізіп, көлік және логистика саласындағы ортақ жобалар туралы келіссөздер жүргізген.