Қазақстанға ең көп турист Ресей мен Қытайдан келген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстанға ең көп турист Ресей мен Қытайдан келген / shutterstock

2023 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанға ең көп турист Ресей федерациясы мен Қытай халық республикасынан келген. 

Туризм және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстанға 356 850 ресейлік саяхатшы келген. 

«Екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары енді», – делінген хабарламада.

Жалпы алғанда 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға 834,9 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл – 2022 жылғы көрсеткішке қарағанда 225 мың адамға көп. Яғни 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37% артқан. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) мәліметіне сәйкес, 2018- 2022 жылдары дейін Қазақстан ЖІӨ-дегі туризм үлесі COVID-19 пандемиясына байланыстыі- қатты төмендегенін жазған едік. Тек 2022 жылы туризм 3,9%-ға, пандемияға дейінгі деңгейге жеткен. 

Ресми мәлімет бойынша, туризм саласына кейінгі 3 жылда 4 млрд доллар инвестиция тартылған. Былтыр салынған инвестиция көлемі 513,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар осы жылдары елімізде 400-ден астам туристік нысан бой көтерген.

Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақүй желілері ашылған.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 9 млн-ға, шетелдік туристерді 4 млн-ға жеткізу көзделген. Туризм саласындағы мамандарды 1,6 есеге, ал инвестиция көлемін 2 есеге өсіру жоспарланған. 

Алайда Қазақстан 10 жылдан бері туристік брендін әзірлей алмай отыр. Оған қоса Жоғары аудиторлық Палата туризм саласындағы орератор – Kazakh Tourism-ге қатысты жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын заңбұзушылықты анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз