Жаңалықтар

Инвестициялық тартымдылық рейтингі: Қазақстан нешінші орында?

инвестициялық тартымдылығы

Фото: kursiv.media

Қазақстан инвестициялық тартымдылығы жоғары ТОП-10 мемлекеттің қатарына қосылды. Осылайша Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің инвестициялық тартымдылығына жүргізілген зерттеу рейтингінде алтыншы орынға орналасты.

fDi Intelligence халықаралық агенттігінің сарапшылары Халықаралық валюта қорының дерегі мен fDi Markets шетелдік инвестициялар мониторингіне сүйеніп, әлем елдерінің макроэкономикалық көрсеткіші мен тікелей шетелдік инвестициялардың динамикасын саралады.

Нәтижесінде өткен жылы Азия жақсы нәтиже көрсеткенін анықтады. Рейтингте инвестициялық тартымдылығы жөнінен Камбоджа көш бастады. Филиппин – екінші, Ирак – төртінші, Қазақстан – алтыншы, Әзірбайжан – жетінші, Үндістан – оныншы орынды иеленді. Ондыққа Африканың 3 елі енді. Кения – үшінші, Намибия – бесінші, Марокко – сегізінші орынға табан тіреді.

Айта кетейік, Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі 15 елдің арасында және Орталық Азияда 61% үлеспен тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша жетекші орынға ие. Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің дерегінше, өткен жылы жалпы инвестиция көлемі 705 млрд теңгені құрайтын 70-тен астам инвестициялық келісімшарт жасалды және инвестициялық преференция беру бойынша 450-ден астам өтінім қаралды.

Былтыр Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ AD Ports Group (БАӘ) компаниясымен – Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын кеңейту; Alarko Holding (Түркия) компаниясымен – Түркістан облысында жылыжай салу; Pfizer (АҚШ) – биотехнологиялық препарат өндірісін локализациялау; F. Hoffmann-La Roche AG (Швейцария) – Қазақстан Республикасындағы дәрілік заттар өндірісін оқшаулау; GE HealthCare (АҚШ) – медициналық жабдық өндірісі; PSA International (Сингапур) – Транскаспий бағытын дамыту; Rehau (Германия) – профильді экструзияны локализациялау; Total Energies (Франция) – Жамбыл облысында жобалық қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу және пайдалану; PepsiCo (АҚШ) – Алматы облысында жеңіл тағамдар өндірісін ұйымдастыру; Wika (Германия) – Атырау облысындағы мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдық өндірісі; ACWA Power (Сауд Арабиясы) – Жетісу аймағында жел электр станциясын салу; Wabtec корпорациясы (АҚШ) – локомотив тетіктерін күрделі жөндеу бойынша сервистік хаб құру келісімін рәсімдеді.

Өткен жылы салалық бөліністе тікелей шетелдік инвестиция тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіне, көтерме және бөлшек сауда саласына, қаржы және сақтандыру, сондай-ақ көлік пен қойма қызметіне тартылды. Өңірлерге тоқталатын болсақ шетелдіктер Алматы қаласына – 6 млрд, Атырау облысына – 5,5 млрд, Шығыс Қазақстан облысына – 1,6 млрд, Астана қаласына – 1,2 млрд, Батыс Қазақстан облысы – 880,1 млн доллар қаржы құйды.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жандос Темірғалидың айтуынша, 2023 жыл инвестициялық белсенділіктің артуымен есте қалды. Шетелдік кәсіпкерлер Қазақстанға ерекше қызығушылық танытты.

«Қазақстанмен бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан елдер көш бастап тұр. Олар: АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ елдері. Түркия мемлекеті де Қазақстанға қомақты қаржы құйып жатыр. Соңғы жылдары Мысырмен агроөнеркәсіп кешені мен фармацевтика саласындағы әріптестік қарым-қатынас жақсы дамып жатыр», – деді Жандос Темірғали.

АХҚО мәліметінше, Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр. Шетелдік инвесторлар арасында жасыл энергетиканы дамыту мен ірі инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге қызығушылық жоғары. Сонымен қатар шетелдіктер үшін қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-химия, мұнай өңдеу салалары экономиканың тартымды секторы болып тұр.

«Бұған Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен шетелдіктер үшін тиімді заңнама негіз болып тұр. Шетелдіктерді Қазақстанның географиялық орналасуы да қызықтырады. Біздің ел Жібек жолының негізгі буыны болып табылады және Еуропа мен Азияны байланыстырады. Біз транзиттік ел ретінде маңызды рөл атқарамыз», – дейді АХҚО сарапшылары.

Айта кетейік, Қазақстан сыртқы сауда айналымы бойынша да топ басында. Себебі Орталық Азияның барлық импорты мен экспортының 60%-ы біздің ел арқылы өтеді.
Қазақстанда шетелдік инвесторларға жеңілдіктер мен преференциялар берілген. Мысалы, құны 50 млн долларды құрайтын ірі инвестициялық жоба ұсынған инвесторларға заң бойынша 25 жыл инвестициялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге кепілдік беріледі. Бұған қоса инвестициялық келісімдер келесі преференцияларды көздейді: Корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан босату; Салық міндеттемелерін азайту; Құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдық сатып алу құнының 20%-на дейін өтеу; Келісім шартта қарастырыған басқа да жеңілдіктер.