Такси жүргізушілері жол ақысын әйелдеріне аудартатын болса, рейтингі төмендеп, тапсырысы азаюы мүмкін

Жарияланды
kursiv.media

Мобильді аударым арқылы төленген такси қызметінің ақысы такси жүргізушісінің емес, әйелінің картасына түсетін болса, оператор тарапынан шара қолданылып, таксистің рейтингі төмендеуі салдарынан тапсырысы азаюы мүмкін.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында: «Мобильді аударым арқылы аударылған такси қызметінің ақысы такси жүргізушісі әйелінің картасына түссе, салықты кім төлейді?», – деген сұраққа да жауап берді.

«Мұндай жағдай жиі тіркеліп жатыр. Операторлар тарапынан такси жүргізушілерінің рейтингі төмендеуі мүмкін. Олардың тапсырысы азаюы ықтимал. Сондықтан олар заң аясында жұмыс істеуі керек деп ойлаймын», – деді Қаржы вице-министрі.

Ержан Біржанов такси жүргізушілерге арналған арнайы салық режимі бар екенін атап өтті.

«Қазіргі талапқа сай таксистер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге және мобильді қосымша арқылы 1% салық төлеуге тиіс. 1% салықты патент бойынша да төлеуге болады», – деді ол журналистерге.

Қаржы вице-министрінің мәлімдеуінше, такси жүргізушілері салық органдарына келіп немесе онлайн жағдайда мобильді қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек.

Ержан Біржанов жаңа талап шеңберінде операторлар салық төлеуші ретінде қарастырылып жатқанын жариялады.

«Мысалы, такси жүргізушісі оператор арқылы жұмыс істесе, салықты оператор ұстап, бюджетке аударса, біз оны (салық төлеу) міндетінен босатуды қарастырып жатырмыз. Бұл болашақ кодекстің нормасы болады деп ойлаймыз. Мәселені бизнеспен талқылап жатырмыз. Қазір қолайлы жағдай бар. Мобильді қосымша, патент арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1% салық төлеуге болады», – деді Қаржы министрінің орынбасары.

Бұған дейін такси жүргізушілері ресми түрде тіркеуге тұра алатынын жазған едік. Мақалада Мемлекеттік кірістер комитеті Астана, Алматы қалаларында қанатқақты жобаны іске қосқанын хабарлаған болатын.

«Мемлекеттік кірістер комитеті «Яндекс таксимен» бірлесіп, Астана және Алматы қалаларында «Яндекс.Такси» қосымшасы арқылы қызмет көрсететін такси жүргізушілері үшін платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Қазіргі уақытта қатысушылар саны 500-ден астам жүргізушіні құрады», – делінген комитет хабарламасында.

Осыған дейін Қазақстандағы такси жүргізушілерінің табысы қанша екенін де жариялағанбыз.

«Таксистердің ең көп табысы Астанада тіркелді – 665 мың теңге, одан кейін Алматы (615 мың) және Шымкент (460 мың). Такси жүргізушілерінің таза табысы ел бойынша орташа есеппен 251,4 мың теңгені құрайды», – деп нақтылағанбыз

Сондай-ақ оқыңыз