Жалғыз пәтер мен 2017 жылғы көлік: Қаржы вице-министрі қандай дүние-мүлкі бар екенін айтты
Қаржы вице-министрінің меншігінде не бар?/ telegram.org/KZgovernment
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов журналистерге жалпыға ортақ декларацияда қандай дүние мүлкін көрсеткенін мәлімдеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11- бабына сәйкес, мемлекеттік саяси қызметшілер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап декларациясын жариялауға міндетті. Өзіме қатысты айтатын болсам, негізгі декларацияда меншігімдегі 3 бөлмелі пәтерімді және көлік құралын жарияладым», – деді Ержан Біржанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қаржы вице-министрі автокөлігі қымбат емес екеніне тоқталып, маркасы мен жылын жариялады.
«Автокөлігім 2017 жылғы BMW», – деді Ержан Біржанов.
Қаржы министрінің орынбасары пәтерінің ауданын да айтты.
«Пәтерімнің ауданы 74,5 шаршы метр. Нарықтағы қазіргі құнын білмеймін. Мен пәтердің нөмірін және қайда екенін көрсеттім. Бірақ құнын есептемедім, бұл іспен айналысатын уәкілетті органдар бар», – деді Ержан Біртанов.
Қаржы вице-министрі Қазақстанда тігілген киім киетінін тілге тиек етті.
«Менің киген костюмім Қазақстанда тігілген, тіпті этикеткасын да көрсете аламын. Аяқ киімім де отандық өнім», – деді Ержан Біртанов.
Естеріңізге салайық, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға ортақ декларация енгізілді. Мұндағы мақсат:
– жеке тұлғалардың кірісін бақылаудың тиімді тетігін құру;
– әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
– сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету болды.
2022 жылғы 1 қаңтар – жалпыға ортақ декларацияның алғашқы кезеңінде мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтардан және олардың жұбайларынан құралған 580 мың адам табысын жариялады.
2023 жылы жалпыға ортақ декларацияның екінші кезеңі өтті. Декларация тапсырушылардың қатары квазимемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайларымен толықты. Бұл шара 2,1 млн адамды қамтыды.
Үшінші кезең 2024 жылғы 1 қаңтардан басталды. Биыл декларацияны ЖШС басшылары мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруы тиіс. Жоспар бойынша биыл шамамен 3,9 млн адам өзіне тиесілі дүние мүлкін жариялайды.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы мемлекеттік саяси қызметкерлер декларация тапсыруға міндеттеледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Telegram» мессенджерінде жалпыға ортақ декларациялауға және мобилді аударымдарға қатысты сұрақтарға жедел жауап беру үшін чат құрды.