«Костенко» шахтасындағы апатқа байланысты 19 адам жауапқа тартылады – Сырым Шәріпханов

Жарияланды
Сырым Шәріпханов

Сырым Шәріпханов апатқа байланысты қарапайым қызметкерлер жауапқа тартылмайтынын айтты / Фото: kursiv.media

«Костенко» кенішіндегі қайғылы оқиға үшін 19 лауазымды тұлға жауапқа тартылады. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.

Журналист министрден не себепті «Костенко» шатасындағы жағдайға жауапты адамдарға қатысты нақты ақпарат неге берілмейтінін сұрады.

«Министрліктің баспасөз қызметі «Костенко» шахтасындағы жағдайға байланысты қараша айында сіздің брифинг өткізетініңізді хабарлады. 46 адам қаза тапты. Үлкен трагедия. Алайда содан бері қанша уақыт өтсе де сізді брифингтен көрмедік. Костенко шахтасында неге мұндай қайғылы оқиға болды? Комиссия кінәлі деп тапқан 19 адам кім? Сол баяғы қарапайым қызметкерлер жазалана ма?», – деп сұрады журналист.

Министр брифингке шыға алмаса да, бұл мәселеге қатысты баспасөз хабарламасы таратылғанын, сонда барлығы түсіндірілгенін айтты.

«Расымен, мен брифинг өткізуді жоспарлағам. Алайда басқа да шаралармен қол тимеді. Бірақ қазір өзіңіз көріп отырғандай, брифингке қатысып отырмын. Біз бұл мәселеге қатысты ашықтықты ұстанамыз. Қажетті ақпаратты беруге дайынбыз. Бұл жерден қандай да бір астар іздеудің қажеттігі жоқ», – деді Шәріпханов.

Министр апатқа қатысты жауапқа қарапайым қызметкерлер емес, лауазымды тұлғалардың тартылатынын мәлімдеді.

«Жауапқа инженерлік-техникалық қызмкетерлер тартылады. Олардың бұл мәселеге тікелей қатысы бар. Біз 19 адамды кінәлі деп таптық. Олардың барлығы жауапты қызметтегі адамдар. Бұл адамдарға қатысты материалдар құзырлы органдарға берілді. Сол материалдар негізінде олар тергеу жүргізіп, сотқа жолдайды. Ал жауапты адамдарға тоқталар болсақ, АМТ-ның атқарушы директоры Яблонский, HR директоры Винокурова, Көмір департаментінің техникалық директоры Александр Белый мырза мен көмір департаментінің атқарушы директоры Огай және тағы басқалары бар», – деді министр.

Мұндағы Александр Белыйдың «Қазақстан» шахтасындағы апатқа да қатысы бар. Бұл жайлы Сырым Шәріпханов шахатадағы апатқа байланысты комиссия мүшелері өткізген брифингте айтқан болатын.

Полиция бұл іске байланысты 277-баптың 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.

Костенко шахтасындағы апат туралы

Еске сала кетсек, 28 қазанда «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.

Бұл қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарды.

Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прокуратура тексеретінін  мәлімдеді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.    

Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Оның айтуынша, жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев.

Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген.

   

Сондай-ақ оқыңыз