Жаңалықтар

«e-Salyq Business» мобильді қосымшасына тіркелген кәсіпкерлер декларация тапсырмайды – Қаржы министрлігі

«e-Salyq Business»

Вице-министр «e-Salyq Business» қосымшасы арқылы шығындарды азайтуға болатынын айтты /Фото: kursiv.media

Астанада өткен брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2 млрд теңгеге жуық салықты оңай әрі тез төлеудің жолын айтты. Сонымен бірге ол бизнес өкілдеріне қандай мөлшерде салық төлеу міндеттемесі жүктелетінін де түсіндіріп берді.

«Мөлшерлеме көлемі айтарлықтай көп болмайды. Шамамен 1-4 пайыз аралығында болуы мүмкін. 29 желтоқсанда үкімет қаулысы шыққанын өдеріңіз де білесіздер. Оған сәйкес 190 қызмет түрі 364-ке дейін көбейді. Көпшілік қосылған құн салығын төлеуден қорқады. Бірақ қосымша арқылы жеке кәсіпкерлер 2 миллиард теңгеден астам салықты жеңіл әрі жылдам төлей алады. Яғни, олар тауар айналымының 4 пайызын төлейді. Бірақ бұл мөлшерлемені жергілікті мәслихаттар қайта қарап, төмендетуі мүмкін. Бірқатар өңірлер бұл мөлшерлемелерді қайта қарап шықты. Бір жерлерде мөлшерлеме үш пайызға дейін белгіленсе, салық жүктемесі кей аймақтарда екі пайызға дейін төмендеген. Яғни, барлық жағдай жасалған»,– дейді вице-министр.

Ержан Біржанов кәсіпкерлердің «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы шығынды азайтуға болатынын айтады. Ол үшін аталмыш қосымшаға тіркелуі керек.

«Салықтарды «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы төлеу мүмкіндігі бар. Айтайын дегенім, 2 жылда 300 мыңнан астам жеке кәсіпкер осы қосымшаға тіркеліп, бір пайыздық салық төледі. Осылайша олар заңды негізде жұмыс істей бастап, заңды өкіл ретінде тіркелді. Мемлекет салықты жеңіл, ыңғайлы және онлайн төлеудің барлық тетігін іске қосуда. Мобильді қосымшада декларация толтырудың қажеті жоқ. Мобильді қосымшада жеке кәсіпкер ретінде де тіркелуге, мобильді қосымшада салық төлеуге де болады. Яғни, бұл біздің мобильді қосымшаларға қосымша жасалған жағдайлар. Оған қоса, біз екінші деңгейлі банктермен де бірлесіп жұмыс істейміз. Олардың қосымшалары арқылы да кәсіпкерлер салық есептілігін тапсыра алады. Бұл опциялар кәсіпкердің өмірін жеңілдетеді және бухгалтерлерді жалдау мен есеп жүргізудің қаржылық шығындарын азайтады. Яғни, министрлік «Атамекенмен» бірлесіп, екінші деңгейлі банктермен жұмысты жалғастырып, салық төлеушілердің салық төлеуі үшін ең төменгі талаптар бойынша шаралар әзірлеуді жалғастырады. Бүгінгі таңдағы біздің басты ұстанымымыз осындай»,– деді ол.

Осыған дейін «Курсив» декларацияның қалай тапсырылатыны туралы жазған болатын. Декларацияны жеке кәсіпкер ретінде тіркелген барлық заңды тұлға тапсырады. Тіпті еш айналымы жоқ кәсіптің басын ұстап отырса да, тапсыруға міндетті. 

Жалпыға ортақ декларация қолданысқа 2025 жылы енеді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2025 жылы ел азаматтары мүлкін, ақшасын, бағалы қағаздарын көрсетуі керектігін және декларацияда толық көрініс табуы үшін қазірден бастап мүлікке қатысты құжаттарды тауып, бастапқы дереккөздерді іздеуге кірісу қажеттігін айтқан.

Айта кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан декларациялаудың үшінші кезеңіне өтті. Бұл қадам көлеңкелі экономикамен күрес және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында жүзеге асырылады.

Бұған дейін шенеуніктердің жеке кірісін декларациялауға 2025 жылға дейін мораторий жарияланды.

Ал қыркүйекте Қазақстанда активтерді жария көрсету туралы декларацияның ережелері бекітілетіні белгілі болды. Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну ережелері мен нысандары «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6 және 18 – баптарына сәйкес әзірленген және тізілімге енгізілген тұлғалардың активтер туралы декларацияны жасау тәртібін айқындайды.