Жаңалықтар

Назарбаев қоры Алматыдағы ғимаратын ҚР Президентінің Іс басқармасына берді

Фото:shutterstocks

Алматыда орналасқан Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ғимараты Президент Іс басқармасына берілді. Яғни Қасым-Жомарт Тоқаев қалада болған кезде өзінің жұмысына арналған кабинетті пайдаланбақ. Бұл туралы  Vlast.kz агенттігі хабарлады.

Ғимарат өткен жылдың мамыр айында «мемлекеттік меншікке өтеусіз негізде берілді» және Президент Іс басқармасына өткен. Кейін ғимаратқа Президент Әкімшілігінің және Президент Іс басқармасы қызметкерлері көшірілген.

«Ғимаратта мемлекет басшысының жұмысына арналған кабинет бар», – деп нақтылады басқарма.

Тоқаев үшін жаңа Резиденция салынады ма? Аталмыш мекеменің мәліметінше, «Алматыда Президент Резиденциясының жаңа ғимаратын салу мәселесі қаралып жатқан жоқ».

Президенттің Алматыдағы бұрынғы Резиденциясы 2022 жылғы қаңтардағы оқиға кезінде қатты зардап шекті. Қасым-Жомарт Тоқаев кейінірек ғимарат қалпына келтірілмейді, ал оның орнына саябақ салынатынын айтты. Алматы әкімі Ерболат Досаев саябақ 2024 жылдың екінші жартысында ашылатынын мәлімдеді.

Ганди көшесінің бойындағы ғимарат президенттің бұрынғы резиденциясынан бірнеше жүз метр қашықтықта орналасқан. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының кеңсесінен басқа, оның құрылымдарының бірі – Әлемдік экономика және саясат институты да осында орналасқан.