Дүниежүзілік банк Қазақстанның ЖІӨ өсімі болжамын 4,3%-ға дейін жақсартты

Жарияланды
Қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті/kursiv.media

Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 4,3% деңгейінде, 2025 жылы 4,5% деңгейінде өседі деп болжады. Бұл туралы халықаралық ұйымның қаңтар айындағы Global Economic Prospects баяндамасында жазылған.

Жаһандық банк 2023 жылдың маусымында елдің экономикалық өсуін 2024 жылы 4% және 2025 жылы 3,6% деңгейінде қалыптасады деп болжаған еді.

Қаржы ұйымының бағалауы бойынша, өткен 2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құрады.

«Орталық Азиядағы экономикалық өсім жалпы алғанда 2024-2025 жылдары шамамен 4,8% деңгейінде тұрақты болады деп болжануда, бұл субөңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Қазақстан инфляцияны төмендетіп, шикізат тауарларының жоғары бағасы мен мұнай өндірісінің өсуі аясында экспорттың артуын қолдайды деп күтілуде», – деп жазылған баяндамада.

Бұған дейін қаңтар-қыркүйекте еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімі 4,7%-ға дейін баяулаған. Қаңтар-тамыз айында ол 4,9% болды.

Алайда Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті.

«Нақты сектордағы оң динамика 3,8%-ды, қызмет көрсету саласында 5,4%-ды құрады. Салалар арасында ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік салаларына тиесілі», – деп хабарлады ведомство.

Тамыз айының соңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

Онда ЖІӨ орташа жылдық өсімін 5,8% құрайды деп жазылған. 2024 жылы экономика 5,3%-ға, ал 2028 жылға қарай қарқын 6%-ға дейін өседі деген болжам бар. Өнеркәсіп саласындағы орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ды құрайды.

Сол тұста министр халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдарын да жария етті.

Оның айтуынша, 2024 жылы әлемдік экономика 3% деңгейінде өседі.

«Консенсус-болжамға сәйкес 2024 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 80 долларды құрайды. Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) қаралды», – деді министр.

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 доллар деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,8%-ды құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026–2028 жылдары 5%-ға дейін төмендейді. 2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ды құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ға дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін артады.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банк алдағы 5 жылда жаһандық экономикалық өсім көрсеткіші төмен болатынын мәлімдеген.

Дүниежүзілік банк 2024 жылдың соңына қарай дамушы елдердің төрттен бірінде табысы төмен халқының шамамен 40%-ы 2019 жылғы COVID пандемиясынан бұрынғыдан да кедей болады деп болжап отыр. Ал дамыған елдердегі экономикалық жағдай 2023 жылғы 1,5% өсіммен салыстырғанда биыл 1,2%-ға дейін баяулайды деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз