Ұлттық қор қаржысына ҚМГ акцияларын сатып алуды «инвестиция» деп айтуға келмейді – сарапшылар
Қазақстанның миноритар акционерлер қауымдастығы Қаржы министрлігінің ҚМГ акцияларына Ұлттық қордан 1,3 триллион теңгені шығарып алып, оны «акцияларға салынған инвестиция» ретінде көрсеткісі келгенін сынға алды.
Айта кетейік, 2023 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Ұлттық қордың 1,3 триллион теңге қаражатын пайдаланып, «Самұрық-Қазына» қорынан «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның 20 пайыз үлесін сатып алған болатын.
Қаржы министрлігі енді ҚМГ-ның 122 млн акциясын иеленеді. Сарапшылар керек болып қалған жағдайда, Қаржы министрлігі бұл акцияларды кімге сатады деп сауал тастайды. Қазақстан қор нарығы тар болғандықтан, ондай көлемдегі акцияларды сатып алуға шамасы жетпейді.
«Қаржы министрлігі ҚМГ-дегі үлесіне 3 млрд долларға (1,3 трлн теңге) сатып алушыны қайдан табады? KASE-ден бе? Кеше 9 «көгілдір фишка» компанияларының жергілікті биржадағы күнделікті сауда көлемі 162,2 млн теңгені құрады, оның ішінде ҚМГ акциялары бойынша – 12,7 млн теңге. Триллион емес, миллиард емес, миллион! Доллар не еуро емес, теңге!», – деп жазады QAMS.
ҚМГ-ның мұндай көлемдегі акциялары тек халыралық биржаға шықса ғана өтуі мүмкін. Сол жерде ғана акциялардың нарықтық құны анықталады.
Ал экономист Ғалымжан Айтқазин Қаржы министрлігі ҚМГ акцияларын сатып алуын «инвестиция дегенін «популистік әрекет» деп бағалады.
«Бұл «схеманың»мақсаты – парламент арқылы бекітуді қажет ететін трансферттерді айналып өтіп, бюджет кірістерін толықтыру (…) «Инвестиция» деп айтқандары да бос дүние». Өйткені Қаржы министрлігі қос тарап: сатушы – «Самұрық-Қазына» қоры мен сатып алушы – Ұлттық қордың да акцонері. Ұлттық қордан алынған қаржыны нақты инвестиция деп айтуға келмейді»,– дейді Айтқазин.
Экономист Ұлттық банк бұған дейін «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатудан түскен қаражат кейіннен республикалық бюджетке аударылатыны ашық жазғанын еске салды. Бұл Ұлттық қор қаражатының есепсіз жұмсалып жатқанын байқатады және оның табыстылығы 2023 жылдың соңында теріс қалыптасуы ықтимал.
Қаржы министрлігі не дейді?
Қаржы министрлігі кеше Ұлттық қордан 1,3 трлн теңге бекер алынған жоқ, «ҚазМұнайГаз» АҚ (ҚМГ) акцияларына «инвестицияланды» деп мәлімдеді.
«Мұны Ұлттық қордан қаражат алу деп қарастыруға болмайды. Ұлттық қор қаражатын ҚМГ акцияларына, басқа да қаржы құралдарына орналастыру 2030 жылға дейінгі ҚР Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасына және Ұлттық қор активтерін орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкес жүргізіледі», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство осы шешімнің арқасында қор портфелінде елдегі ірі мұнай-газ компаниясының акциясы пайда болғанын жазған. Министрлік эмитенттерiнiң құнының өсуi тұрғысынан да, дивидендтiк төлемдердiң едәуiр көлемi тұрғысынан да тұрақты кiрiстiлiктi көрсететiн неғұрлым өтiмдi бағалы қағаздарының бiрiне айналды деп тұжырымдайды.
Қаржы министрлігі «ҚазМұнайГаз» акцияларын қалай сатып алды?
Қазақстаның Ұлттық банкі қазан айында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынғанын хабарлады. Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламада республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған.
Сол кезде Қаржы министрлігі осы мәселеге қатысты берген түсініктемесінде «ҚМГ бағалы қағаздары мен «Самұрық-Қазына» облигацияларын Ұлттық қор ақшасы есебінен сатып алу 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік береді» деген болатын. Өйткені биыл ірі кәсіпорындардан түсетін салық азайып, бюджет кірісі қысқарған.
Ал қараша айында бюджетке трансферт пен ҚМГ акциялары үшін Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатылды.
Нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 1,3 трлн теңге түскен. Қаржы министрлігінің есебінде бұл қаржы Ұлттық қордан алынған қаржы емес, «мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінен түскен дивиденд» ретінде көрсетілген. Сарапшылар сол кезде Ұлтттық қордың қаржысын мұндай тәсілмен алу – «бюджет саясатындағы жағымсыз үрдіс» деп тұжырымдаған еді.