«Казгидромет» болжамынша 10 облыста боран соғып, аяз жүреді / Фото: kursiv.media
«QazavtoJol» ауа райының күрт бұзылуына байланысты ескерту жариялады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 11-13 қаңтарда қар жауып, көктайғақ болады. Сонымен бірге -32 градусқа дейін аяз күтіледі.
«11-13 қаңтарда еліміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы күтілуде. Ауа температурасының қысқа мерзімді ауытқуына байланысты қар жауып, көктайғақ болады деп хабарлайды ауа райын болжаушы мамандар. Сондай-ақ, батыс және солтүстік өңірлерде -32 градусқа дейін аяз көтерілуі мүмкін»,– делінген баспасөз хабарламасында.
Осыған орай «QazavtoJol» қазақстандықтарға сапарға шықпас бұрын ауа райы туралы ақпаратқа назар аударуға шақырды. Ал автожолдар туралы ахуалды білу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне хабарласу ұсынылған.
Компания мәліметінше автожолдарда қысқы күтіп-ұстау жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қар тазалау техникалары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
«Казгидромет» дауылды ескерту жариялады. «Казгидромет» болжамына сәйкес, 10 облыста, атап айтқанда Жамбыл, Қарағанды, Ұлытау, Жетісу, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында ауа райы бұзылып, боран соғуы мүмкін.
Еске сала кетсек, Жаңа жыл алдында да «QazavtoJol» Республикалық маңызы бар автожолдың 15 учаскесінде көлік қозғалысын шектеді.
Қолайсыз ауа райына байланысты сол күндері Астана әуежайы жабылып, 27 рейс кейінге шегерілді. Күн райының қолайсыз болуына байланысты Астана әуежайы жабылды. 30 желтоқсан сағат 09:00-12:00 аралығында Астана халықаралық әуежайының әуеайлағы жабық болады. Яғни жолаушыларға қызмет көрсетілмейді.
Еске сала кетсек, ауа-райының қолайсыздығына байланысты желтоқсанның ортасында Жамбыл облысында 11 жолаушылар пойызы жолда қалды. Олардың әрқайсысында 500-700 жолаушы бар. Сонымен бірге автожол трассасында қар құрсауында қалып кеткен көліктер көп. Осыған орай Жамбыл облысында жергілікті ауқымда табиғи төтенше жағдай жарияланды.