Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір іс сотқа келіп түсті

Қайрат Сатыбалдыға қатысты ақша жылыстату ісі сотқа келіп түсті / коллаж kursiv.media

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты ақша жылыстату ісі сотқа келіп түсті.

Жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің арнайы өкілі Арман Тілеукеновтің айтуынша, Қайрат Сатыбалдының үстінен «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру» бабы бойынша іс қозғалып, ол сотқа келіп түскен.

«Қайрат Сатыбалды Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа шетелден түрлі мүлік сатып алған. Қаржыны Қазақстандағы және шетелдегі банктерге орналастырған. Іс қазір сотқа өтті. Салықты төлемеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда»,– деді Тілеукенов.

Сонымен қатар Тілеукенов Қайрат Сатыбалдыға тиісті болған активтердің елге қайтарылып жатқанын атап өтті.

«Осы азаматтың (Қайрат Сатыбалдының – ред.) қамауға алынған барлық активі мемлекетке қайтарылады. Қазірге дейін қайтарылған активтердің жалпы сомасы 850 млрд теңгеден асады»,– деді Тілеукенов.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлын Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарғанын хабарлаған болатын. Ол кезде Бас прокуратурамен бірлескен іс-әрекеттер негізінде Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары елге әкелінгені хабарланған еді