МӘМС: 2024 жылы жұмыс берушілер мен бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдар қанша жарна төлейді?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Биыл екі немесе одан көп жерде жұмыс істейтін адамдар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен, яғни 850 мың теңгеден аспайтын табыстан ғана жарна төлейді.

Жұмыс берушілер МӘМС-ке ай сайын 25 500 теңгеден аспайтын төлем аударады. Бұл – 850 мың теңгенің 3%-ы. Ал қызметкердің төлейтін жарнасы барлық жұмыс орнынан түскен ортақ табыс негізінде есептеліп, 17 мың теңгені құрайды. Бұл – ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінің 2%-ы.

МӘМС-ке жұмыс берушілер аударатын ақша жалпы табыстың 3%-нан, ал  қызметкердің төлейтін жарна 2% -дан аспауға тиіс.

Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 29 -бабы 3 – тармағында: «Егер қызметкер екі және одан да көп ұйымда жұмыс істесе, жарна ай сайынғы табыстың барлық сомасы негізінде есептелуге және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгiленген ең төменгi жалақының 10 еселенген мөлшерiнен аспауға тиiс», – деп жазылған.

МӘМС-ке төленетін жарнаны дұрыс есептеу үшін қызметкер екінші жұмыс орнына бірінші жұмыс орнынан төлем төлегені туралы анықтама ұсынуы керек.

 Осы жайлы Медициналық сақтандыру қорының әлеуметтік парақшасында

 «Мысалы, А ұйымында қызметкер 550 мың теңге, Б ұйымында – 400 мың теңге алады. Оның ортақ табысы 950 000 теңгені құрайды, яғни салық салынатын шекті табыстан жоғары. Бұл жағдайда бірінші жұмыс беруші 11 мың теңге мөлшерінде жарна ұстап, 16 500 теңге мөлшерінде аударым жасайды. Екінші жұмыс орнындағы жарна 6 мың теңгені құрайды. Жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мың теңге, өндірілген жарнаны шегергенде 11 мың  теңге болады. Сонда төленетін жарна мөлшері 18 мың теңгені құрайды. Шегерімді есептеу үшін табыс қосылмайды», – деп жазылды.

Жалдамалы жұмысшылар және жалақыдан тиісті төлем жасайтын, бірақ жеке бизнесі бар азаматтар негізгі жұмыс орнынан төленетін төлемнен бөлек, Салық кодексінің талабы бойынша жеке кәсіпкер ретінде міндетті төлем мен МӘМС жарнасын аударып отыруға міндетті.

Естеріңізге салайық, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасай бастады. Бұрын шарт емханалар арқылы жасалатын. Бұл пациенттерге әсер ете ме, Қормен жұмыс істейтін клиникаларды қалай табуға болады, тісті емдеуге жолдама керек пе – осы және өзге де өзекті сұрақтарға Қор өкілі Ирина Подскочая жауап берген еді.

Бұдан бөлек, мамандарға жүгініп, «МӘМС жүйесінің игілігін көру үшін қайтпек керек?» – деген сұраққа жауап алған болатынбыз. 

Медициналық сақтандыру қорының Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановтың бір жылда емханаға бармаған азаматтарға медициналық сақтандыруға кеткен қаражатының жартысын қайтару туралы депутаттық сауалына берген жауабын да жариялаған едік. Қор МӘМС жарнасын қайтару халықаралық тәжірибеде жоқ екенін мәлімдеген болатын.

МӘМС-ке аударылған жарна қалай басқарылатынын да зерделеген едік.  Сауалға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жауап беріп, азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандару үшін аударатын жарнасы қайда түсетінін, қаражат қалай басқарылатынын түсіндірген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз