Түркістан облысында құны 153,88 млрд теңгені құрайтын зауыт салынады. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) зауыттың құрылысына 64,46 млрд теңге бөледі.
Каустикалық сода, поливинилхлорид және кальций карбидін өндіретін зауытты «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС салады.
«Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС директоры Болат Естемесовтің айтуынша, жоба жүзеге асырылған соң, бюджетке жыл сайын 10 млрд теңгеден астам қаржы құйылып отырады.
Болжам бойынша, кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид және 180 мың тонна кальций карбидін өндіреді. Өндірілген өнім ішкі нарықтан бөлек ЕАЭО және Еуропа одағы елдеріне, сонымен қатар Қытай мен Түркияға экспортталады.
Зауыт құрылысы кезеңінде 1 мыңға жуық, пайдалануға берілгеннен кейін
346 адам жұмыспен қамтылады.
ҚДБ таратқан хабарламада басқарма төрағасы Марат Елібаевтің сөзі жарияланған. Онда: «Жобаның маңыздылығы қазіргі таңда Қазақстанда поливинилхлорид өндірісінің болмауында. Келешекте бой көтеретін кәсіпорын ішкі нарықтың осы өнімге деген қажеттілігін толығымен жабады. Сондай-ақ жоба каустикалық соданың ішкі нарығын ұлғайтуды қоса алғанда, жалпы химия саласының дамуына серпін береді», – деп жазылған.
ҚДБ «Бәйтерек» мемлекеттік холдингінің құрамына кіреді. 2001 жылы құрылған банк өндірістік инфрақұрылым саласындағы және экономиканың шикізаттық емес секторындағы орта және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды несиелендіреді. Сонымен қатар ел экономикасына инвестиция тартумен айналысады.