Жаңалықтар

Жапониядан озды: Қытай автомобиль сатудан әлемдегі ең ірі автокөлік экспорттаушысына айналды

қытайлық автоөндірушілер

2024 жылы қытайлық автоөндірушілер бұл көлемді 1,2 миллионға дейін жеткізуді көздеп отыр / Фото: kursiv.media

Қытай көлік сатудан жаңа рекорд орнатты. Аспан асты елі 2023 жылдың соңына қарай бұл саладағы көшбасшы ел Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысына айналды.

Қытай электрокарлар сатудан онсыз да әлемде көш бастайды. Бірақ жанармаймен жүретін көліктер сатудан Жапония бірінші орында тұрған. Бірақ жағдай 2023 жылдың аяғына қарай өзгерген. The Wall Street Journal басылымы мұны әлемдік автомобиль өнідірісндегі «тектоникалық қозғалыс» деп бағалады.

2023 жылы Қытай шетелге 5,26 миллион автокөлік жөнелткен. Бұл жапондық көліктердің сатылымынан 1 миллионға артық. Қытай көліктеріне деген сұраныс, әсіресе, Ресейде артқан. The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша Қытайдың автоөнеркәсібі Ресей нарығынан батыс өндірушілерінің кеткенін сәтті пайдаланған. Қытайдың жеңіл автокөліктер қауымдастығының мәліметі бойынша, 2022 жылы қытайлық атоөндірушілер Ресейге шамамен 160 мың автокөлік сатқан. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш кем дегенде бес есе өсіп, 800 мыңға жеткен. 2024 жылы қытайлық автоөндірушілер бұл көлемді 1,2 миллионға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Сонымен бірге сарапшылар Қытайда бензинмен жүретін көліктерге ішкі сұраныс төмендегендіктен, компаниялар өз назарын экспортқа аударғанын айтады.

Электроавтомобильдерге келер болсақ, Қытайдың Chery холдингі де ресейлік нарықтағы үлесін күрт өсірген. Бұл компания қытайлық жеткізушілер арасында басқаларға қарағанда белсенділік танытып, жалпы алғанда 900 000-нан астам көлік экспорттаған. Бұл америкалық электромобиль өндіруші Tesla немесе оның негізгі қытайлық бәсекелесі BYD-ден көп.

Еске сала кетсек, 2022 жылы Қытай Германияны басып озып, әлемдегі көлік экспорты бойынша екінші орынға шықты. Ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында Жапонияның алдына түсіп, жылдың аяғына дейін бірінші орыннан түспеген.

Қазақстан автонарығында да қытайлық көліктердің қатары артып келеді. Былтыр қытайлық өндірушілер ҚР автонарығындағы үлесін үш есе арттырды. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 4%-дан 2022 жылы 11%-ға дейін жеткен. 

Алдағы уақытта Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауытының жобасы аясында қытайдың Changan, Haval және Chery брендімен автокөлік шығармақ. Жыл сайын осы маркалардың әрқайсысынан кемінде 30 000 көлік құрастырылады.