Қызылша бойынша елдегі жағдай тұрақталып келеді – Денсаулық министрлігі
Елімізде қызылшаға қарсы екпемен қамту көлемі 94%-дан асқан. Бұл жайлы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен дөңгелек үстелде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұл айтты.
2023 жылы елімізде қызылшамен ауырған адамдар саны 29 648-ге жеткен. Оның 79%-ы балалар болса, жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 4%-ды құраған. Ал ересектер арасында ауырғандар 17%-ға жеткен. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қызылша жұқтыру бойынша 1900-ден астам жағдай тіркелген.
Маманның айтуынша, қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін жоспарлы тәртіппен және қосымша жаппай иммундау шеңберінде вакцинация жүргізілген.
«Бүгінде жоспарлы егумен қамту республика бойынша 94%-дан асты, бұл ДДҰ ұсынған 11 айдағы көрсеткішке сәйкес келеді, ошақтарда қарым-қатынаста болған адамдар арасында медициналық көрсеткіштер бойынша анықталған 26 мыңнан астам адам егілді. Сондай-ақ қосымша иммундау компаниясы барысында 949 мыңнан астам адам вакцинациямен қамтылды», – деді министрлік өкілі.
Манар Смағұл елде екпе алу бойынша көрсеткіштер түзелгенін айтты. Еліміздің көптеген аймағында иммундау компаниясын жүргізудің оң динамикасы байқалған. Мысалы, Қызылорда, Жетісу, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында екпе егу бойынша көрсеткіш 70%-дан асқан.
Журналистер министрлік өкілінен екпе егу көрсеткіші артқанымен, не себепті елдегі жағдай тұрақталмай жатқанын сұрады. БАҚ өкілдері министрлік басшысының жұқпалы ауру бойынша жағдай желтоқсан айының аяғына қарай тұрақталатынын айтқан мәлімдемесін алға тартты.
«Бізге ол үшін уақыт керек. Бүгін салып, ертеңінде бірден нәтиже береді деуге келмейді. Иммунитетке екпе алған соң, шамамен 3 аптадай уақыт керек. Десе де, елдің 9 өңірінде жағдай тұрақталуға жақын десек те болады. Жаппай иммундау өз нәтижесін беріп жатыр»,– деді Манар Смағұл.
Еске салсақ, ДСМ басшысы Ажар Ғиният Қазақстанның жеті облысында, әсіресе, Астанада қызылшаға қарсы екпемен қамту деңгейі төмен екенін айтты. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу, Түркістан облыстарында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақталған.
2023 жылдың қыркүйегінде қызылшаның өршуіне байланысты үкімет қызылша, қызамық және паротитке қарсы 1,5 млн вакцина сатып алды. Қараша айында дәрігерлер қосымша екпе егу жұмысын жүргізе бастады.
Қызлшадан 2023 жылдың желтоқсан айында Астана мен ШҚО-да бір жасқа толмаған 2 сәби қайтыс болды.