Өткен жылы көлік прокуратурасы арқылы 53 млрд теңгеден астам активтер мемлекетке қайтарылды
Бас көлік прокуратурасы арқылы 2023 жылы 53 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұл туралы 2023 жылғы жұмыс қорытындысы жасалған Бас көлік прокуратура алқасының кеңейтілген отырысында айтылды.
Сондай-ақ кәсіпкерлермен еңбек ұжымдарының құқықтары қорғалғанына тоқталды.
«Мемлекетке 53 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды. 1 367 қадағалауактісі қаралды, олар бойынша 5 932 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды және әртүрлі жауапкершілікке 1 358 тұлға тартылды», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Көлік прокуратурасы авиакомпания мен теміржол көлігіндегі жол жүру құжаттарына баға белгілеудің тәртібі негізгі мәселе екеніне тоқталып өтті.
Еске салар болсақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен прокуратура органдары Air Astana әуекомпаниясына бірлесіп жүргізген тексеруді аяқтап, компанияға 876 млн теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, әуекомпаниясы ішкі рейстердің бағасын 2024 жылдың соңына дейін көтермеуге міндеттелді. Сонымен қатар, алдағы уақытта жанармай алымын алуды тоқтатуды көздейтін заңнамаға түзету енгізілуі мүмкін.
Тексеріс кезінде ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Air Astana әуекомпаниясы жолаушылардың барлық санаттынан 3500-ден 6500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды.
«Тексеру қорытындысы бойынша Air Astana әуекомпаниясы Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жанармай алымын негізсіз қолдануда көрсетілген үстем/монополиялық ережені теріс пайдаланғаны үшін 876 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
«Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты 5 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын ұрлау және Алматы қаласының метрополитенін салу кезінде жалған шот-фактуралар жазып беру фактілері бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық істің материалдары сотқа жолданған.