«ШалқияЦинк ЛТД» Директорлар кеңесінің құрамы өзгерді
«ШалқияЦинк ЛТД» АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Компанияның жалғыз акционері – «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының» шешімімен Диана Мосендз Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Акционердің 2023 жылдың 29 желтоқсандағы шешімі KASE-ге жолданған.
«Диана Сабырқызы Мосендз «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі мерзімге директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлансын», – делінген хабарламада.
Енгізілген өзгеріске сәйкес, қазір «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ Директорлар кеңесі төрт адамнан тұрады: Бақыт Шыршықбаев, Еркен Магад, Аржан Бұғыбаев, Диана Мосендз.
Қызылорда облысындағы Шалқия кеніші – әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орындарының бірі.
«ШалқияЦинк ЛТД» АҚ Шалқия кен орнында полиметалл кендерін өндіру, байыту фабрикасында өндірілген кенді кейіннен өңдеу, жоғары тиімді инновациялық технологияларды, техниканы енгізу және өндірілген мырыш және қорғасын концентраттарын сатумен айналысады.
2022 жылғы аудиттелген қаржы есебіне сәйкес компанияның жиынтық активтері 2021 жылдың соңындағы 69,1 миллиард теңгеден 2022 жылдың соңында 96,6 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл ретте компания ұзақ мерзімді қарыз көлемін 2022 жылдың соңына қарай бір жыл бұрынғы 7,6 млрд теңгеден 31,1 млрд теңгеге дейін өсірген.
Кәсіпорын 2022 жылы 1,55 млрд теңге (2021 жылы – 740 млн теңге) шығынға батса, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша жинақталған шығын 4,4 млрд теңгені құраған. Осыған байланысты аудитор компанияның үздіксіз қызметін жалғастыру мүмкіндігіне елеулі күмән тудыруы мүмкін «материалдық белгісіздік» бар екенін атап өткен.