Релоканттарды қорғағанша, өз азаматтарымыздың жағдайын жасаңыздар: Жүк тасымалдаушылар Көлік министрлігінің жаңа жүйесін сынады
Қазақстандық жүк тасымалдаушылар Көлік министрлігі ұсынып отырған «жүк тасымалдауға шетелдік рұқсат бланкілерді алу» туралы жаңа жүйесі қазақстандықтарға емес, Беларусь пен Ресейден келген релоканттарға жағдай жасап жатыр деп дабыл қағып отыр.
11 қаңтар Алматыдағы Көлік және логистика академиясында жүк тасымалдаушылар мен министрлік өкілдері арасында саланың өзекті мәселелері жайлы кеңес өтті.
Мәселе неде? Қазақстанның Көлік министрлігі «жүк тасымалдауға шетелдік рұқсат бланкілерді алудың» жаңа тәртібін ұсынды, яғни жаңа жүйені. Бұрын жүк тасымалдаушылар өзіне қажетті бланкіні алдын ала броньдап, керек уақытта алып, жолға шығып кететін. Енді министрлік бланкілерді тарату жүйесін еркін айналымға жібермек. Бланкі алудың басты шарттарының бірі «тапсырыстың болуы». Яғни кімде тапсырыс бар, сол бланкіні еркін ала алады.
Отандық жүк тасымалдаушылардың айтуынша, қазір қазақстандық жүк тасымалдау нарығын Ресей мен Беларусьтен келген релокант компаниялар басып алған. Біріншіден, олардың көлігі көп. Екіншіден, олар Ресей-Беларусь шекарасынан емін-еркін өтетіндіктен, олардың тапсырысы да көп. Ал қазақстандық паспортпен осы екі ел шекарасын асуға шектеу болғандықтан, отандық тасымалдаушылар тапсырыстан қағылады, қосымша шығынға ұшырайды.
«Литваға бару үшін Беларусь шекарасынан өткізбейді… Міне сіздердің (Көлік министрілігі – ред.) жұмыстың көрінісі. Егер үкіметаралық келісімге келе алмасаңыздар ресейлік, беларустық паспорты бар жүргізушілерді кіргізбеңіздер. Қазақ шекарасына келсін, Қазақстан паспорты бар жүргізушіге өткізіп берсін. Олар өздері де солай істеп отыр емес пе?» , – деді алматылық жүргізуші.
Алайда оның бұл сұрағына Көлік министрлігі автомобиль транспорты мен транспорттық бақылау комитетінің төрағасы мен оның орынбасары тұшымды жауап қайтара алмады. Тек қазақстандық жүргізушілердің Ресей-Беларусь шекарасынан неліктен өте алмайтынын түсіндірді.
«Ресей мен Беларусь арасындағы шекараның екіжақты деген статусы бар. Халықаралық практика бойынша шекара екіжақты болса, оның бойымен тек екі ел азаматтары жүкті еркін тасымалдай алады. Біз Кеден Одағы аясында үкіметаралық келісім бойынша Қазақстан азаматтарын еркін өткізу туралы келісім жасағанбыз. 8 қаңтардан бастап, олардың жаңа нормативтері өз күшіне еніп, Қазақстан ғана емес, Түркия, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де елдердің жүргізушілеріне шектеу қойылды. Қазір бұл мәселе үкіметаралық деңгейде талқыланып жатыр. Ресей Көлік министрлігі бізге мәселе келесі апта шешілетінін айтты», – деді Көлік министрлігі автомобиль транспорты мен транспорттық бақылау комитетінің төрағасының орынбасары Селим Қуанышұлы.
Алматыда өткен кеңеске Қазақстанның әр түкпірінен жүк тасымалдаушылар келген. Шымкенттен келген топ өкілдері жаңа жүйені бір жыл кейінге қалдырып, 2025 жылдан бастап енгізуді ұсынды.
«715-бұйрыққа байланысты талқылау болып, кейін ол қабылданғаннан кейін біздің тасымалдаушылар құжат жинап жүргенде, елімізге Ресей мен Беларусь, Германиядан компаниялар келіп тіркеліп, қазақстандық компания деген атау алып алды. Бірақ олардың алған ақшасының бәрі сол елдерге кетеді. Себебі олардың компаниясы қазақ болғанымен, жүргізушілері Беларусь пен Ресейден. Олар Қазақстанда кредит, ипотека алмайды, көлігін жөндемейді, тұрақты тұрмайды. Мен Көлік министрлігіне сіздер ұсынып отырған жүйені 2025 жылдан бастап қабылдауға ұсынамын. Бір жыл бізге еркін жұмыс жасауға мүмкіндік берсін», – деді шымкенттік тасымалдаушылар.
Екіншіден, шымкенттік тасымалдаушылар коэффициенттерді алып тастау мәселесін қайта қарауды ұсынды. Олар релоканттарға арналған коэффициентті 0,2 қалпында қалдырып, ал қазақстандық тасымалдаушылар үшін оны мүлдем алып тастауды ұсынды.
«Коэффициентке қатысты талқылау керек. Заң бойынша сіздің ұсынысыңыз дұрыс емес. Қазақстанда тіркеуден өткен компания қазақстандық компания деп есептеледі. Сондықтан оларға коэффициент қойылмайды», – деді Көлік министрлігі автомобиль транспорты мен транспорттық бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әли.
Бұған қоса, комитет төрағасы аталмыш тәртіптің 2024 жылдың екінші жарты жылдығында енгізілетінін, алайда жыл соңына дейін ескі тәртіппен де жұмыс істеуге болатынын атап өтті.
Алайда тасымалдаушылар Беларусь пен Ресей қазақстандық жүргізушілерді бөгеп, олардың жүктерін тексеру арқылы аймақтағы негізгі экcпорттаушы қытайлық компаниялардың тапсырысын өз компаниялары мен азаматтарына алып беруді мақсат ететінін айтып өтті.
«Әрбір ел – Ресей болсын, Беларусь болсын, Қазақстан болсын өз азаматтарын бағалауы қажет. Бізді өз еліміз бағалап отырған жоқ. Неге біздің жүк көліктері Ресей-Беларусь шекарасында қалып қойды? Ресей болсын, Беларус болсын, бірінші кезекте өз азаматтарына жағдай жасайды. Жүктерін емес, азаматтарын қорғайды. Егер біз қазір өз азаматтарымызға қамқор бола алмасақ, Қазақстанда 5 млн адам табыссыз қалады. Себебі бұл бірінші кезекте бизнес емес, бірінші кезекте азаматтардың өмірі, жұмысы. Релоканттарды қорғағанша, өз азаматтарымыздың жағдайын жасаңыздар», – деді Sky Invest жүк тасымалдаушысы.
Бір күнге созылған қызу талқылаудан кейін министрлік өкілдері кеңесте айтылған пікірлерді ескере отырып, жаңа жұмыс тобы құрылатынын айтты. Сонымен қатар, қазақстандық жүк тасымалдаушыларға бірігіп, ассоциация құруды ұсынды.
8 қаңтардан бастап Ресей-Беларусь шекарасынан Еуразиялық Одақ елдері жүк көлік жүргізушілерін тексеру қатаңдап, шекара арқылы тек ресейлік немесе беларустық паспорты бар жүргізушілері жүреді деген норма қойған. Қазақстанның сауда интеграция министрі Арман Шаққалиев көрші елдердің бұл әрекетін «кедергі» деп бағалады.
«8 қаңтардан бастап, осындай мәселе болып тұр. Ресейлік және беларустық әріптестерімізбен талқылап жатырмыз. Егер олар шешпейтін болса, кедергі болды деп комиссияға (Еуразиялық экономикалық одаққа – ред.) ресми түрде ақпарат береміз. Жеке өз пікірім бұл кедергі», – деді министр