Алыпсатарлардың шаруаларға қысым көрсетуіне және жосықсыз бәсекелестікке жол берілмейді – Сауда министрі
Алыпсатарлардың шаруаларға қысым көрсетуіне және жосықсыз бәсекелестікке жол берілмейді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі кулуарда журналистер министрден
«Базар мафиясы» деген ұғым қашан жойылатынын және жосықсыз бәсекелестік қашан тыйылатынын сұрады.
Министр сауда алаңдарындағы жағдай бақылауда екенін алға тартып, кез келген топқа қарсы шара қолдануға дайын екендерін мәлімдеді.
«Бүгінде сауда орындарында қандай да бір топ бар деп айта алмаймыз. Егер ондай фактілер болса, біз кез келген топпен құқық қорғау органдары арқылы да, өзіміз де күресеміз», – деді Арман Шаққалиев журналистерге.
Министрдің мәлімдеуінше, Астана базарларындағы бағаның өсуіне қылмыстық топтар емес, жосықсыз бәсекелестік және бірқатар тауар өндірушілердің бірегей жеткізуші мәртебесін сақтап қалу әрекеті себеп болуы мүмкін.
«Мұндай жағдай жосықсыз бәсекелестіктің салдарынан болады. Бәзбіреулер бірегей жеткізуші ретінде өзінің мәртебесін сақтап қалуға тырысады. Мұндай фактілер бар, болған, болады. Біз тиісінше әрекет етеміз. Көбінесе мұндай жағдай жәрмеңкелерде анықталады. Бұған дейін сауда жасауға өңірлерден келген сатушылардың сауда орындарына қол жеткізе алмау фактілері тіркелген. Жалпы, алыпсатарлардың шаруаларға қысым көрсетуіне және жосықсыз бәсекелестікке жол берілмейді», – деді Арман Шаққалиев.
Сауда және интеграция министрі шаруаларда ветеринариялық сертификат болса және тауардың сапасы мен қауіпсіздігі расталса, ешқандай кедергісіз сауда жасауға мүмкіндік берілгенін баяндады.
Арман Шаққалиев шарулардың сауда орындарына қол жеткізе алмауына қатысты сұраққа да жауап берді.
«Базардағы сатушылардың басым бөлігі жеткізушілер мен сатып алушыларды таниды. Олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Сондықтан кейде жаңа өндірушілер сауда орындарына қол жеткізе алмай жатады», – деді ол.
Алыпсатарлармен қалай жазаланады деген сұраққа министр: «Базардағы бағаны шарықтатқан сатушыларға қатысты мыңға жуық әкімшілік іс қозғалды», – деп жауап берді.
Арман Шаққалиев журналистің «Астанадағы «Әлем» базарына жылқы еті 2 мың теңгеден әкелінеді, ал алыпсатарлар оны 3 мың теңгеден сатады» деген дерегімен келіспеді.
«Мен сізбен келіспеймін, егер мен уақыт тапсам, сізбен таңғы 5-те базарға барамын. Барлығын көзбен көреміз. Бұлай емес екеніне көз жеткізесіз деп ойлаймын», – деді Сауда және интеграция министрі.