Қазақстан Ресейге санкция салынған тауар жеткізіп жатқан жоқ – Арман Шаққалиев

Жарияланды
Министр Қазақстан Ресейге санкция салынған тауар жеткізіп жатқан жоқ деп сендірді Фото: Асқар Ахметуллин

Қазақстан экспорттық бақылауға қатысты халықаралық міндеттемесін тиісінше орындап отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте журналист 2023 жылы қарашада Астанада Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қазақстан санкция салынған бірқатар тауардың реэкспортын ұлғайтқанын мәлімдегенін еске салды. Ол министрден қанша компания талапты бұзып отырғанын сұрады.

 Арман Шаққалиев санкцияға қарсы әрекет еткен компаниялар жоқ екенін алға тартып:

«Дэвид О’Салливан экспорттық бақылауға қатысты халықаралық міндеттемені орындау кезінде ұйымдастырған және атқарған жұмысымызды оң бағалады. Керісінше, қазір белгілі бір тауар тобын жеткізу динамикасы төмендеп жатыр. Бұған назар аударылды. Мәселе жан-жақты талқыланды, нақты цифрлар келтірілді. Қаржы министрлігі мен Индустрия министрлігінде республикалық деңгейде арнайы комиссия жұмыс істейді. Қазақстан экспорттық бақылауға қатысты халықаралық міндеттемесін тиісінше орындап отыр», – деп жауап берді.

Сауда және интеграция министрі батыстық серіктестер экспорттық бақылауға жататын тауарлардың тізіміне түзету енгізіп тұратынын, сәйкесінше Қазақстан дер кезінде шұғыл әрекет етіп отыратынын жариялады.

 «Өнім көбейіп, ассортимент кеңейді. Бұрын тізімде болмаған тауарлар бойынша белгілі көлемде жеткізілім жасалды. Олар тізімде пайда болғаннан кейін шара қолданылады. Тауар қозғалысы судың ағыны сияқты. Ол тоқтамайды. Барлығы біздің міндеттемеміз бен келісімге байланысты. Біз міндеттемемізді бұзып отырған жоқпыз», – деді Арман Шаққалиев.

Сауда және интеграция министрінің мәлімдемесінен түсінгеніміз, Қазақстан Ресейге санкция салынған тауар жеткізіп жатқан жоқ және экспорттық бақылауға қатысты халықаралық міндеттемесін бұзуға мүдделі емес.

Естеріңізге салайық, былтыр ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қазақстанға бір жылда екі рет келді. Алғашқы сапары сәуірде, одан кейінгісі қарашада болды. Сапар қорытындысында арнайы өкіл БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Сонда Қазақстаннан Ресейге санкция тізіміне енген бірқатар тауарлардың жеткізілімі артқанын айтты.

«Біз қазақстандық әріптестерімізге, қазақстандық билік органдарына қабылдаған шаралары үшін алғыс айтамыз. Біз Ресейге белгілі бір тауарлардың, жекелеген өнімдердің реэкспортының деңгейі айтарлықтай төмендегенін байқайдық. Сонымен қатар кейбір тауарлардың реэкспортының артқанын аңғардық. Сондықтан бізге әлі де көп жұмыс істеу керек. Біз бұл өнімдердің реэкспортын тоқтатуды талап етеміз. Бұл өнімдер негізінен жоғары технология: мұнда интегралды схемалар, жедел жады, оптикалық көру мүмкіндігі бар жабдықтар бар», – деді Дэвид О’Салливан.

Арнайы өкіл Еуропалық Одақ пен Қазақстанның қарым-қатынасы жақсы екенін атап өткен.

«Өздеріңіз білетіндей, Еуропалық Одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Біздің Қазақстанмен жасыл технологиялар, көлік саласында жобаларымыз бен жоспарларымыз бар. Біз Қазақстанмен қарым-қатынасымызды одан әрі оң бағытта дамытып, тығыз ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Санкция ынтымақтастығымызға кедергі болғанын қаламайтынымызды тағы бір рет атап өткім келеді», – деді ол.

Қазақстанға алғаш келгенде О’Салливан «Астана Мәскеуге қатысты шектеулерді сақтамады» деген сыңайда пікір білдірген. Ол Еуростат аймақтағы жоғары технологиялық сегментте қымбат тауарларды тұтынудың рекордтық өсімін тіркегенін алға тартқан.

Реті келгенде айта кетейік, 2023 жылғы 28 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары кезінде Қазақстанның санкция шарттарын қатаң сақтайтынын айтты.

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бергенде: «Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын», – деді.

Келесі күні Еуропалық комиссия сарапшылары Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар елдерге ескерту жасап, тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды.

Бұған дейін Астана бейтараптық пен көпвекторлық саясат аясында Батыстың шектеулеріне бағынатынын бірнеше рет атап өткен. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарапынан өрескел заң бұзушылық та анықталған емес.

Тіпті Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Қазақстан Ресейге дрон мен чип жеткізіп отырған жоқ», – деп ресми мәлімдеме жасады.

Бұған БАҚ бетінде жарияланған «Қазақстаннан Ресейге дрондар мен чиптер тасымалданғаны» туралы ақпарат негіз болды.

Былтыр Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған.

«Жалпы, біз барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Тек Ресейге соғысқа қатысты экспорттық тауарларды шектедік. Бұл тізімге 106 түрлі тауар енді. Біз осы бойынша экспортқа мүлдем тыйым салдық», – деді Қайрат Төребаев.

Кейін Сауда және интеграция министрлігі вице-министр Қайрат Төребаевтің мәлімдемесіне түсініктеме беріп, экспорттық бақылау мен экспорттық шектеу ұғымдарын шатастырмау қажет екенін жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз