Жаңалықтар

Санкция тарихы туралы бірер сөз және оның зардабы қандай?

Фото:pravo.ru

Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) шетелдік басылымдарда жарияланған санкцияға қатысты материалға талдау жасап, ондағы негізгі ұстындарды жария етті. «Санкция» сөзі әсіресе, 2022 жылдан кейін қоғамда көбірек айтыла бастады және АҚШ тарапынан Elem Group ЖШС-ға қайталама санкция салынғаннан кейін айырықша назарға ілікті дейді.

«Қазақстан Ресеймен арадағы тығыз ынтымақтастыққа байланысты әлеуетті қайталама санкцияларға бірінші жыл тап болып отырған жоқ. Мұның бәрі елді геосаяси қысым алдында әлсіз ете түседі. Сонымен қатар батыс медиасы Қазақстанды Ресеймен тығыз байланыста қарастырады, бұл батыстың мүдделері және солтүстік көршімен стратегиялық қатынастар арасындағы тепе-теңдікті сақтауда қиындықтар туғызады. Қазақстан әртүрлі мүдделер арасында жүріп әзірге қайталама санкциялардан аулақ тұр. Алайда Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты әлемдік консолидация жағдайында ел қиын жағдайда қалды. Ресей өз кезегінде ең көп санкция салынған елге айналды, бұл қазбалы байлық нарығы үшін ауыр салдарларға әкеліп соқты»,- деп жазады.

Ресейге қарсы санкциялар салу елдің әлемдік пайдалы қазбалар нарығындағы маңызды рөлін ескере отырып, қиын және қатаң шешім болып саналады. Мұндай қадам тек Ресей экономикасына ғана емес, онымен тығыз қарым-қатынаста болған елдерге де, соның ішінде Қазақстанға да әсер етеді.

Қазіргі саяси және экономикалық жағдайды ескере отырып, санкциялар тақырыбына тереңірек үңілу маңызды: терминологияға, тарихқа және салдарға. Morgan et al. осы тақырып бойынша зерттеу жариялады, онда олар халықаралық қатынастардың осы құралының эволюциясын зерттеді.

Санкциялар – бұл бір немесе одан да көп елдің белгілі бір елге қатысты саясатын өзгертуге немесе халықаралық нормалар мен конвенциялардың ықтимал бұзушылықтарын жоюға сендіру мақсатында қабылдайтын шектеу саясаты.

Санкцияның бірнеше түрі бар:

  • Қаржылық санкция;
  • Сауда санкциясы;
  • Әскери қолдауға салынатын санкция;
  • Қару-жарақ санкциясы;
  • Саяхаттауды шектеу және басқа.

Сонымен қатар санкциялар саясатты өзгерту, режимді тұрақсыздандыру, аумақтық қақтығыстарды шешу, терроризмге қарсы күрес, соғысты болдырмау және тоқтату, адам құқықтарын қорғау, демократияны дамыту және басқа да нақты мақсаттарға қол жеткізу үшін салынады.

Зерттеушілер санкциялық жағдайларда 1950 жылдан 2022 жылға дейін қарастырады және бұл уақыт аралығын 4 кезеңге бөледі. Өйткені әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар.

1950-1975 жылдар аралығы.

Бұл кезең АҚШ-тың санкциялар кеңістігіндегі жалпы үстемдігімен сипатталады, онда олар әлемдегі барлық санкциялардың үштен біріне жауап берді. Осы кезеңде санкциялардың ең көп таралған түрлері сауда және қару-жарақ эмбаргосы болды. Көбінесе бұл санкциялардың мақсаты режимді тұрақсыздандыру немесе қарулы қақтығыстарға әсер ету болды. Сондай-ақ авторлар АҚШ-тың Шығыс Еуропа мен коммунизмге бет алған елдердің кеңестік блогына жиі санкциялар салғанын және Қытайдың жаһандық экономикаға интеграциялануына қарсы тұрғанын атап өтті.

1975-1990 жылдар аралығы.

Бұл кезеңде АҚШ-тың әлемнің бас санкционері ретіндегі позицияларының әлсірегенін байқауға болады, дегенмен олар алғашқы санкция жариялаушы ел болып қала берді. Еуропа мемлекеттері біртіндеп басқа елдерге салынған санкциялар санын көбейтті. Осы жылдарда сауда санкциясының үлесі тұрақты болып қалды, ал қаржылық және әскери санкция үлесі айтарлықтай өсті. Сонымен қатар осы кезеңде адам құқықтарын қорғау мақсатындағы санкциялар санының өсуін атап өткен жөн. Халықаралық терроризмге қарсы күрес түріндегі мақсат та кезеңнің соңына қарай оң үрдіске ұласты.

1990-2000 жылдар аралығы.

Бұл кезең демократия мен либералды экономикалық қатынастар одан әрі кеңейетін «жаңа әлемдік тәртіпті» құрудың үлкен үмітіне толы болғандықтан, жеке кезеңмен ерекшеленеді. Осы онжылдықта санкциялардың жалпы саны өзгеріссіз қалды. Саяси режимді өзгерту мақсаты өзінің танымалдылығын жоғалтты, ал демократия мен адам құқықтарын ілгерілетуге бағытталған санкциялар саны оң динамиканы көрсетті. Айта кету керек, бұл уақытта ЕО мен БҰҰ арқасында көпжақты санкциялар саны өсім көрсетті.

2000-2022 жылдар аралығы.

Осы уақыт аралығында санкциялардың жалпы санының әжептәуір өсуі байқалды. Сонымен қатар шектеулер тек белгілі бір адамдар мен фирмаларға бағытталды. Санкциялар санының бұл күрт өсуінің бір түсіндірмесі АҚШ-тағы санкциялық процедураларды жеңілдету болуы мүмкін. Бұл қаржылық санкциялар мен саяхатқа шектеулердің неліктен айтарлықтай өскенін түсіндіреді.

Экономистер мен саясаттанушылардың санкциялардың тиімділігіне қатысты көзқарасы әртүрлі. Экономистер санкциялардың тиімділігін оларды енгізуден келтірілген экономикалық залалмен өлшейді, ал саясаттанушылар белгіленген саяси мақсаттарға жетуіне байланысты санкцияларды «тиімді» деп санайды. Санкциялардың экономикаға айтарлықтай әсер ететіні жалпы алғанда түсінікті.

Бұл ретте авторлар 4 негізгі қорытындыны бөліп көрсетеді:

  • Санкциялар санкцияланған мемлекеттердің экономикалық агенттеріне, секторларына және жеке қызметіне елеулі және теріс әсер етеді.
  • Экономикалық санкциялар санкцияланған елдердің жалпы өнімділігіне, соның ішінде саудаға, тікелей шетелдік инвестицияларға, өсімге, кедейшілікке және саяси тұрақтылыққа қатты теріс әсер етеді.
  • Санкциялардың экономикалық дамуға әсері, сауда ағындары, тікелей шетелдік инвестициялар, және өсу ұзақ мерзімді болып саналады және алынып тасталғаннан кейін де көп ретте ұзақ уақыт сақталып қалады.
  • Санкцияларды қолданудың салдары олардың түріне және ауырлығына байланысты әр алуан деңгейде қалыптасады. Белгілі бір елге қарсы біріккен тараптардың саны да әсер етуі мүмкін, өйткені санкциялар біржақты немесе көп жақты (АҚШ санкциялары және БҰҰ санкциялары) қолданылады.

«Санкцияның экономикалық әсері тұрғысында үшінші елдер өте маңызды ойыншы саналады. Біріншіден, санкция салынған ел халықаралық сауда-саттықты және инвестицияны санкция мен түрлі шектеулерден аман-сау үшінші елдерге қайта бағыттай бастайды. Әдетте мұны ұлттық мүдде тұрғысынан маңызды рөлге ие белгілі бір экономикалық агенттерді қорғау үшін істейді. Екіншіден, санкцияланатын ойыншылардың өздері жауап санкцияларына ұшырауы мүмкін, содан кейін олар көбінесе экономикалық белсенділіктерін үшінші, санкцияланбаған елдерге бағыттайды», дейді сарапшылар.

Санкциялардың үшінші елдерге әсер етуіне қатысты әртүрлі арналар бар: «жалпы тепе-теңдік» арнасы және «экстратерриториялық» арна. «Жалпы тепе-теңдіктің» салдары көбінесе үшінші елдер үшін оң болады. Бұл тұжырымдама интуитивті болып саналады және санкциялық жағдайларда жұмыс істеу мүмкін еместігіне байланысты жоғалған мүмкіндіктердің орнын толтыратын үшінші елдердегі экономикалық белсенділіктің жоғарылауын білдіреді. Бұған жарқын мысал ретінде ресейлік мұнайдың Үндістан мен Қытайға белсенді түрде сатылуын айтуға болады.

«Экстратерриториялық» санкция (немесе қайталама санкция) санкция салынған елмен іскерлік, сауда, инвестициялық байланыс құрған тұлғалар мен ұйымдарды жазалауды қарастырады. Бұл ретте ЕО-ның қатаң санкцияларына ұшырап отырған Белорусияны келтірсек болады.

Әрі қарай авторлар зерттеушілер әлі де жұмыс істеуі керек болатын осы тақырыпқа қатысты қиындықтар мен болашақ сұрақтарды талқылайды. Зерттеушілер Ресейге салынған санкцияларды да талқылап, бұл санкциялар агрессордың басқыншылығын тоқтата алмайды деген болжам жасады. Алайда енгізілген кешенді санкциялар Ресей экономикасына ұзақ мерзімді және ауыр экономикалық зиян келтіреді деп тұжырымдайды.

Ресей мен Украина арасындағы жанжалға байланысты Қазақстанның да санкция қаупінің астында отырғаны белгілі. Өйткені Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен күзде Қазақстан Ресейге қатысты санкция талаптарын қатаң сақтайды деп мәлімдеді.

«Біз санкциялық режимді сақтау үшін тиісті ұйымдармен байланыс жасаймыз және менің ойымша, санкциялық режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты Германия тарапынан алаңдаушылық болмауы керек»,- деді Мемлекет басшысы неміс канцлері Олаф Шольцпен кездесуде.