2024 жылы Украинаның гуманитарлық қажеттіліктерін өтеуге 3,1 миллиард доллар қажет – БҰҰ

Жарияланды
БҰҰ

Фото: kursiv.media

Келесі аптада БҰҰ 2024 жылы Украинаның гуманитарлық қажеттіліктері үшін демеушілерден 3,1 миллиард доллар көмек сұрауды жоспарлап отыр.

Бұл жайлы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі отырысында гуманитарлық мәселелерді үйлестіру кеңсесінің өкілі Эдем Восорну айтқан. Украинаға жыл сайынғы гуманитарлық көмек көрсету жоспары келесі дүйсенбіде, 15 қаңтарда Женевада таныстырылады.

«Украинадағы соғыс жалғасып, гуманитарлық қажеттіліктер күн сайын артып жатыр, сондықтан қаржылық қолдау әлсіремеуі керек», – деді Восорну.

Оның әріптесі Йенс Лерке Украинадағы 14,6 миллионнан астам адамға алдағы жылы гуманитарлық қолдау қажет болатынын айтқан. Сонымен қатар әлемнің әртүрлі елдерінде шамамен 2,3 миллион украиналық босқын көмекке мұқтаж. БҰҰ олардың да қажеттіліктерін алдағы жылдың жоспарына енгізген. Ал өз елінде төрт миллионға жуық украиналық босқын атанған. Оның ішінде миллионға жуық бала бар. Олардың барлығы үйлерін таста Украинының әр өңірінде бас сауғалауға мәжбүр. Йенс Леркенің айтуынша босқындардың жалпы саны 6,3 миллионға жеткен.

Эдем Восорну Украинаның Ресей жаулап алған облыстарында тұратын халықтың жағдайы тіпті қиын екенін айтады. Бұл жерлерге БҰҰ-ның гуманитарлық миссиялары мен БҰҰ құрылымдары кіре алмайды.

«Әсіресе, майдан шебіне жақын орналасқан оккупацияланған аумақтарда тұратын жүздеген мың адамдардың жағдайы алаңдаушылық туғызады», – деді Восорну.

Осыған дейін, Жапонияның Украинаға көмек ретінде 37 млн доллар жіберетіні туралы жаздық. Киевке іс-сапармен келген Йоко Камикава Украинаға қашан да қолдау көрсететінін мәлімдеді.

«Жапония Украинаға қолдау көрсетуді жалғастырады. Біздің қолдауымыздың бір бөлігі ретінде Жапония жақында НАТО-ның трасттық қорына дрондарды анықтау жүйелерімен қамтамасыз ету үшін 37 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылдады», – деді Йоко Камикава.

37 млн доллардан бөлек Жапония Украинаға бес жылжымалы газ турбиналық генератор мен жеті трансформатор беруді жоспарлап отыр. Мұндай техникалық қолдау Украина азаматтарына қысқы кезеңде қиындықтарды жеңуге көмектеседі.

Ал қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ-тың Украинаға 1 миллиард доллар көлемінде көмек беретінін мәлімдеді. Сонымен бірге Пентагон Киевке әскери қолдау көрсету үшін 175 миллион доллар бөлетінін хабарлады. Басқа оқ-дәрілермен қатар, жаңа пакетте Abrams танктеріне арналған 120 мм «таусылған уран» снарядтары болатыны хабарланған.  

Сондай-ақ оқыңыз