Экспорттық-кредиттік агенттік қызметі бойынша Сауда және интеграция министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ есеп беріп отырады / Фото: kursiv.media
Экспорттық-кредиттік агенттік (ЭКА) құрылады. Сенат осыған орай әзірленген Заң жобасын мақұлдады.
«Заң құрылатын Экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі арқылы іске асырылатын отандық шикізаттық емес тауарлардың сыртқы нарықтарға экспортын дамыту және ілгерілету қажеттілігіне байланысты және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. ЭКА сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыратын қорғаныс қызметін корсететін болады»,– деді сенатор Серік Шайдаров.
Заңда ЭКА-мен үлестес тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салынған. «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгерістерде ЭКА-ны қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу ұсынылады.
«Сонымен қатар ЭКА елеулі қаржы ресурстарын шоғырландыра отырып, мемлекеттік қолдау шараларының кең спектрін іске асыратын ерекше мәртебеге ие екенін атап өткен жөн. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігінің мемлекеттік қолдаудың іске асырылып жатқан шараларын қоса алғанда, ЭКА қызметін бақылау және қадағалау функцияларын күшейтуі орынды деп санаймыз»,– дейді Шайдаров.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев құрылатын бұл институттың шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытумен айналысатынын, сол себепті стратегиялық маңызы бар екенін айтты.
«Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында шикізатқа тәуелділіктен арылу қажет екенін айтқан болатын. Бұл ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие бағыт екені сөзсіз. Сондықтан бүгін мақұлданған заңда отандық шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытатын жаңа институт құру көзделіп отыр. Осыған байланысты Экспорттық-кредиттік агенттікке арнайы құқықтық статус берілді. Заң аясында жаңа құрылымның жұмысына қажетті барлық қажетті құқықтық және өзге құзырет қарастырылған. Жалпы мақұқлданған заң осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді.
Сенат ЭКА қызметі мәселелері бойынша Сауда және интеграция министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ны жиі тыңдауды ұсынды. Сонымен бірге бұл Заңның сәтті іске асқаны жөнінде ақпарат бір жыл өткен соң тыңдалады.
Еске сала кетсек, Мәжілісте Экспортты қаржылық қолдаудың бірыңғай операторы «KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-на арнайы құқықтық мәртебе берілетіні туралы заң жобасы қаралған болатын. Заманауи экспорттық-кредиттік агенттік осы компания негізінде құрылады. Агенттік мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам болады.
Оның мақсаты – отандық экспорттаушыларды қаржылық қолдау және шикізаттық емес экспортты дамыту. ЭКА-ға нақты функцияларды, мысалы, сақтандыру, қайта сақтандыру, экспорттық операцияларды кепілдендіру және қаржыландыру, сондай-ақ экспорттаушыларды сервистік қолдаудың жекелеген шаралары берілмек.
Экспорттық-кредиттік агенттік құру 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің ресурстық емес экспортының көлемін 41 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, сондай-ақ операциялық қызметке араласпай-ақ Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға ЭКА есеп беру және бақылауда болу механизмдерін құру мүмкіндіктерін береді.