Фото: senate.parlam.kz
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейден Қазақстанға азық-түлік тауарлары оңай кіретінін, ал Қазақстаннан өтетін тауарлар кезек күтіп бірталай күн күтіп қалатынын айтты. Сенат төрағасы Сауда және интеграция министріне шекараның «екі бағытта да жүретін көше» екенін, сол себепті Қазақстанға өтетін тауарлар да дәл солай егжей-тегжейлі тексерілуі керектін ескертті.
«Біз жақында әріптестерімізбен өңірлерді араладық. Мен өзім Атырау облысында болдым. Сондағы бір кездесуде кәсіпкерлер Ресейге азық-түлік жеткізу тәртібінің күрделі екенін айтты. Олар 15-20 күнге дейін түрлі тексерістерден кейін ғана, Ресейге өтеді екен. Демек біздің азық-түлігіміз мұқият тексерілетін болса, неге біздің елге келетін азық-түлікке дәл сондай деңгейде ветеринарлық, санитарлық, фито-санитарлық және тағы да басқа қадағалау жүргізілмейді? Иә, дұрыс азық-түлік тексерілуі керек. Өйткені оның адам денсаулығына тікелей әсері бар. Қазіргі таңда түрлі қоспалар мен дәрілік заттар бар. Сондай зиянды заттарды жосықсыз өндірушілер ауылшаруашылық азық-түліктің өндірісіне пайдаланбасына кім кепіл?! Біз халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында неге дәл сол деңгейде тексеріс жүргізбейміз? Бұл екі бағытта да жүретін көше емес пе? Егер біздің әріптестеріміз тексеріп жатса, біз де тексеруіміз керек емес пе? Бұл жерде жалпы паритет мәселесі көтеріліп отыр және ең бастысы – біздің халқымыздың денсаулығына зиян келмеуін қамтамасыз ету керек. Өңірлердегі халық осы мәселені көтеріп жатыр. Бұл нені білдіреді? Демек, мемлекеттік құзыретті органдар тарапынан лайықты деңгейде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ немесе біз кей тұстарда келісімге сәйкес өз міндеттемелерімізді дұрыстап орындап жүрген жоқпыз деген сөз. Арман Абайұлы, осы мәселеге қатысты бізге біраз жұмыс істеп, тиісті шараларды орындау керек болып тұр»,- деді сенат Төрағасы.
Министр Мәулен Әшімбаев көтерген бұл мәселеге қатысты жұмыс өткен жылдан бері жүргізіліп жатқанын, осы жылдан бастап шекарадағы өңірлер тексерілетінін айтты.
«Өңірлерде осыған байланысты арнайы штаб құрылған. Өткен жылы біз бұл істі орталықтандырып, алгоритмдерін реттеумен айналыссақ, осы жылы сол өңірлер бойынша жұмыс басталады. Әсіресе, шекарада орналасқан елді мекендерге арнайы шығып, тексеріс жүргізетін боламыз. Онда біз шекара әкімшілігі мемлекет құзыреті шеңберінде жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па, тексереміз. Сіз айтқан кедергілер бар екені рас. Оны реттеу үшін нақты алгоритм бойынша жұмыс жүргізуіміз керек. Біз бұл мәселені шешуді өз қолымызға аламыз»,- деп уәде берді министр.
Еске сала кетсек, күзде Қазақстанның жүк көліктері Ресейге өте алмай қалды. Ресей шекарашыларының Қазақстанның жүк көліктерін өткізбей жатқаны туралы әлеуметтік желіде видеолар тарай бастады. Шекара маңында ұзынсонар көліктердің кептелісі пайда болды. Ресей шекарашылары бұл кептелістің себебін айтпаған.
Сонымен бірге «Атамекен» ҰКП өткен жиында да, кәсіпкерлер осы мәселені көтеріп, Қазақстанның жүк көліктері Ресеймен шекарада 10 күннен артық тұрып қалатынын мәлімдеді. «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен отандық кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі алқа мүшесі Андрей Слепневпен кездесуі барысында кәсіпкерлер шекарадағы кептеліске байланысты жеткізілмнің кешіктіріліп жатқанын, сол үшін үлкен көлемде айыппұл салынып жатқанын айтты.
Кәсіпкерлер Ольга Исакова мен Омари Харбедияның айтуынша, жаздан бері Ресей Федерациясы мен ҚР арасындағы жүк көлігі үшін шекара маңындағы өткізу пункттерінен өту электронды кезектің енгізілуіне байланысты қиындап кеткен.
Кәсіпкерлер осыған байланысты жеткізу мерзімдері бұзылғанын, мерзімінде орындалмағаны үшін айыппұл салынып, шарттық міндеттемелер орындалмай, тауарды жеткізу құны өсіп кеткенін айтты. Осыған байланысты, кәсіп иелері ЕЭК сауда жөніндегі алқа мүшесі Андрей Слепневтің атына қалыптасқан проблеманы шешуге жәрдемдесу және электроны кезекке жазылу мерзімін ұлғайтуды, сондай-ақ өткізу пункттеріндегі персонал штатын ұлғайту жөнінде ұсыныс білдірген болатын.