«Қазақфильм» басшысы 178 адамның айлығын тауып беру үшін киностудия алаңын жалға бергенін мәлімдеген / Фото: kursiv.media
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясының төңірегіндегі мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Құрметті достар! «Қазақфильм» айналасында болып жатқан мәселелер жайында айта кеткім келеді. Шынында да, қазір біз айналысып жатқан жүйелі мәселелер бар. Осыған байланысты ұйымдастыру және заңнамалық шаралар қабылданатын болады. Аты аңызға айналған «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқы көп ұзамай оралатынына сенімдімін. Алдағы уақытта сапалы фильмдер түсіріп, көрерменді қуанта береді деп ойлаймыз»- деп жазды министр өзінің әлеуметтік парақшасында.
Бұрын атақты фильмдермен даңқы шыққан киностудияның бірнеше күннен бері автобазар ретінде аты шыға бастады. КТК арнасының журналисі Асқарбек Қазанғап киностудия президенті Азамат Сатыбалдының киностудияның аумағын Қытай көліктерінің базарына айналдырып жібергенін айтып, ақпарат таратты.
«Мен Азамат Сатыбалдыны қудалап отырған жоқпын. Мені киностудияның жағдайы алаңдатады. Азаматтық қызметкерлердің 30 пайызы ақысыз демалысқа жіберілді. Бұрын павильонның құны 200 мың теңге болатын, қазір 750 мыңға көтерілді, прокат бағасын 100 пайызға өсірді. Олар «Қазақфильмге» жанашырлық танытатындардың барлығын шығарып жатыр», – дейді Киностудияда жұмыс істейтін актер Қуандық Дүйсембаев.
Ал Азамат Сатыбалды киностудияда жұмыс істейтін 178 адамның айлығын тауып беру үшін «Қазақфильмнің» алаңын жалға бергенін мәлімдеген.
«Қазақфильм» президенті ретінде менің басты міндетім – 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыстар жасаймын ба ол менің міндетім. Сондықтан да мен киноадан да басқа жұмыстар арқылы мен 178 адамның айлығын тауып беріп тұруым керек. Бұл – кәдімгі таксопарк. Ешқандай көлік сатылмайды, бұл автосалон емес», – деп жауап берген актер.
Еске сала кетсек, Алматы қаласының прокуратурасы Шәкен Айманов атындағы киностудияны тексеріп, ұлттық киноны қолдауға арналған 400 млн теңге ұрланғанын анықтады.
Прокуратура хабарлауынша, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге ұрланған қаржының қай фильмге бөлінгені туралы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 шілдесінде «Қазақфильм» АҚ президенті лауазымына актер Азамат Сатыбалды келген. Оған дейін 10 ай бойы киностудия президентсіз қалған. Себебі 2022 жылдың қыркүйегінде режиссер Ақан Сатаевтың қызметтен кеткені белгілі болған.
2018 жылы «Қасым хан» фильмін түсіру кезінде бюджеттен 30 млн теңге ұрланған. Алайда бұл туралы факт 2021 жылы «Қазақфильмді» Ақан Сатаев басқарып тұрған кезде белгілі болған.
Өткен жылдың қараша айында «Қазақфильм» Ұлттық киностудия болып өзгертілетіні хабарланды. Үкімет қаулысына сәйкес, 1999 жылдың 12 сәуірдегі қаулысына өзгерістер енгізіліп, «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ атауы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы» АҚ атауына өзгертілуі қажет.
Еске сала кетейік, «Қазақфильм» АҚ жарғылық капиталы 100% мемлекетке тиесілі. Жарияланған акцияларының саны 5 996 615 дана. Statsnet мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылы барлығы 11 келісім-шарт жасасып, 10 266 343 теңге алған. Өткен жылы төлеген салығы – 319 071 663 теңге.
«Қазақфильм» акционерлік қоғам ретінде Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» заңының 15-бабына сәйкес, әр жылдың 30 сәуіріне дейін қаржылық есеп тапсырып отыруы керек.