Сауда министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына «онлайн мониторинг» жүргізбек

Жарияланды
шекті бағалар
Шекті бағалар онлайн қадағаланады / Фото: Асқар Ахметуллин

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев министрліктің азық-түліктің шекті бағасына қалай мониторинг жүргізетінін айтып берді.

Журналистер Шаққалиевтен министрлік сайтында «бұдан былай кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына министрліктің мониторинг жүргізбейтіні» туралы ақпарат жарияланып, бір сағаттан соң алынып тасталғаны туралы айтты.

«Сіздер бағаны қадағаламайтын болсаңыздар, алдағы уақытта баға көтеріліп кетпей ме?», деп сұрады журналистер.

Министр мемлекеттік бағаларды қадағалауды тоқтатпайтынын, бірақ мониторинг жүргізу тәртібі өзгеретінін айтты.

«Ең жоғары шекті бағаларды қадағалау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болған. Бұл қадағалау не үшін жасалды? Олар белгілі бір кезеңге бақылау жүргізеді. Әдетте, бұл шара тоқсан сайын жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар белгілі бір бюрократиялық процедураларды жүргізіп отыратын. Олар 5 көтерме және бөлшек сауда субъектісін, 5 логистикалық компанияны және азық-түлік сақтаумен айналысатын 5 субъектіге зерттеу жүргізген. Осыған сүйене отырып, олар шекті бағаны арнайы формула арқылы есептейді. Сол формулаға сәйкес, шекті бағалар 15 пайыздан асқанда немесе шекті мәннен төмендесе не болмаса 30 пайызға артып жатса дабыл қаға бастайды. Бұрын бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдар істейтін. Министрлікке бұл функция құрылған сәттен бастап, жақында ғана берілді. Бізге дейін жергілікті атқарушы органдар шекті бағаларды бұзғандарды жазалап, ескерту жасап отыратын болған. Қазір бұл функция бізге берілді. Біз бағаларға онлайн мониторинг жүргіземіз»,– деді Шаққалиев.

Министр шекті бағалар туралы ереженің 2015 жылы қабылданғанын, ол кезде электронды шот-фактуралар болмағаны себепті онлайн мониторинг жүргізілмегенін айтты.

«Бүгінде біз мониторингті электронды шот-фактураларға талдау жасау арқылы жүргіземіз. Сондықтан да ескі мониторинг механизмі жойылды. Өйткені ол механизм ескірді. Қазіргі таңда бұл жұмыс сапалы жаңа деңгейде жүріп жатыр. 50-ден астам жағдайда ескі тәсілмен мониторинг жүргізу тиімсіз екенін көрсетті. Көбінде бұл тәсіл мониторингтің кеш жүргізілетінін көрсеткен. Яғни, баға өседі, ал біз оған әлі мониторинг жүргізіп жатамыз. Ал енді бұл мониторинг жүргізу бірден жүзеге асырылады. Шот-фактураларды талдау негізінде біз шекті бағадан 15 пайызға асқанын бірден көре аламыз. Яғни мемлекеттік бақылау алынып тасталмайды. Тек бұл бақылаудың бүгінгі күні өзекті емес болатын элементі алынып тасталады. Мемлекеттік бақылаудың ешбір тетіктеріне өзгерістер енгізілген жоқ. Механизм жетілдіріліп жатыр. Сонымен бірге мұны өндірушілерге мемлекеттің баға белгілеуге араласпайтыны туралы ашық сигнал деп қабылдауға болады. Біз нарықтық экономикадамыз. Осыған байланысты біз бұл механизмнен бірте-бірте алшақтап жатырмыз»,– деді министр.

Мәселе не туралы?

Қанша айтса да, министр журналистің сұрағына нақты жауап бере алмады. Себебі 2023 жылдың 29 желтоқсанында министрлік сайтында үкіметтің 2024 жылдан бастап, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарды: тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқасын алып тастайтыны туралы ақпарат жарияланды. Бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейтіні хабарланды. Оның себебін жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырғанымен түсіндірген.

«2024 жылдың 1 жартыжылдығына қарай ӘМАТ-қа шекті баға енгізу тетігінен отандық өндіріс 100% қамтамасыз ететін 9 азық-түлік тауарына (тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп, тауық жұмыртқасы (1-санат) бас тарту жоспарланған», – делінген еді хабарламада.

Бірақ ол сілтеме бойынша қазір кіріп ештеңе таппайсыз.

Сонымен бірге Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың атынан жолданған хабарламада ӘМАТ тізімінен 2025 жылы қалған 10 азық-түлік те сызылатыны жазылған. Олар: сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті ( жауырын-төс бөлігі), тауық сан еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, 72,5 пайыздық тұздалмаған сары май, майлылығы 5-9% сүзбе, құмшекер. Бұл тауарлар бойынша 2025 жылға қарай импорт алмастыру 100 пайызға жетуге тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз