Президент ұсынысымен Қазақстан Жоғарғы сотының судьялары қызметінен босады / kursiv.media
Сенат Президенттің Қазақстан Жоғарғы сотының 4 судьясын қызметінен босату туралы ұсынысын мақұлдады.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары Комитеті өзінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметтерінен босатуға ұсынылған кандидатураларды талқылап, қарау нәтижесі бойынша қорытынды шығарған.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ербол Жұқатұлы Исмаиловты басқа қызметке тағайындалуына байланысты, Ақылтай Ахметжанұлы Қасымовты, Альфия Сагдуловна Савинованы, Айгүл Әнуарбекқызы Сапарованы орнынан түсуіне байланысты судьялар қызметтерінен босатуды ұсынды.
ҚР жоғарғы сотының судьялары не себепті қызметінен кетіп жатқанын Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасы Денис Шипп түсіндіріп берді.
«Судьялар Савинова мен Саппарова зейнеткерлік жасқа, судья Қасымов судьялық қызметте болудың шекті жасы – 67 жасқа толды. Барлығының 26-дан 41 жылға дейінгі үлкен төрелік тәжірибесі бар. Судья Ербол Исмаилов Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 12 шешімімен 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьясы лауазымына тағайындалды»,- деді ол.
Сенат депутаттары бұл ұсынысты мақұлдап, барлық аты аталған судьялар қызметінен босатылды.
Еске сала кетсек, Сенат маусымда Жоғарғы соттың бес судьясын сайлаған болатын. Сол кезде Денис Шипп президенттің Жоғарғы Соттың судьяларын балама негізде тағайындау туралы ұсынысын айтқан.
Тізімге Алматы қалалық сотының судьясы Ерлан Айтжанов, Астана сотының судьясы Гүлнар Әбдіғалиева, Павлодар облыстық сотының судьясы Ғабит Әлжанов, Атырау қалалық сотының судьясы Гүлмира Исамберлиева, Қостанай облыстық сотының судьясы Қарлығаш Исмағұлова, Қарағанды облыстық сотының судьясы Қымбат Көміртасова, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ерлан Қосмұратов, Алматы қалалық сотының судьясы Нұрлан Құрманғалиев, Атырау облыстық сотының судьясы Бағила Нұржанова, Шымкент сотының судьясы Ляла Такиешева енді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Айтжанов, Ғабит Әлжанов, Гүлмира Исамберлиева, Нұрлан Құрманғалиев және Ерлан Қосмұратов Жоғарғы сот судьясы болып тағайындалды.