35,2 млн теңгеге электронды темекілерді заңсыз кіргізген: ҚМА Ресей азаматтарын ұстады

Жарияланды
вейп
Фото: kursiv.media

Қаржы мониторингі агенттігі ек жылдан бері Ресейден құрамында никотині бар вейп пен электронды темекілерді тасыған шетел азаматтарын тұтқындады. Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ресейден Қостанай қаласына Қазақстан аумағында айналымға тыйым салынған тиісті таңбалаусыз және салық төлеусіз құрамында никотині бар вейптерді, темекі қоспаларын және электрондық темекі құрылғыларын әкелген шетел азаматтары А.Б.Рябчиков пен Г. В.Лейкиннің қылмыстық іс-әрекетін ҚМА Қостанай облысы бойынша Департаменті әшкерледі»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Ресей азаматтары темекі құрылғыларын акциздік және қосылған құн салығын төлемей, халық тұтынатын тауарлар түрінде Қазақстанға кіргізген. Заңсыз әкелінген акцизделетін бұл өнім облыс аумағында және еліміздің көршілес облыстарында сатылған.
35,2 млн теңге сомасына вейптердің ірі партиясын әкеліп, өткізу кезінде, аталған тұлғаларды ҚМА Қостанайлық Департамент қызметкерлері тұтқындаған.

«Сот үкімімен А. Б. Рябчиков пен Г.В. Лейкин айыпталған әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, айыппұл төлеу түріндегі жазаға кесілді»,- деп хабарлайды агенттік.

Осыған дейін ҚМА Алматыда құны 80 млн теңгеден асатын 55 мың вейп тәркіленгенін хабарлады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қалада электронды темекіні заңсыз сатқан сауда орындары мен қоймалар анықталған.

Вейпке қашан тыйым салынады?

Еске сала кетсек, тамызда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда вейпке толық тыйым салу туралы шешім қабылданатынын айтты. Министрдлің айтуынша, Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп жатыр.

«ДСМ Заңды ведомствоаралық комиссияға берді, біз оны қарадық. вейптерге толығымен тыйым салу туралы шешім сөзсіз қабылданды»,- деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, қазір вейптерді сатуға тыйым жоқ, бірақ тыйым салу туралы тиісті заң күшіне енген бойда контрабанданың алдын алу үшін барлық ресурстарды пайдаланады.

«Менің ойымша, бұл дұрыс шешім. Денсаулық сақтау министрлігінде вейптің қауіптілігі туралы толық ақпарат бар. Біз оның салдары туралы да білмейміз. Мұны балалардың қолданатынын ескерсек, қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздік мәселесіне кеп тіреледі. Сондықтан біз толығымен тыйым салып, заң күшіне енгеннен кейін вейптердің айналымына жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауға көшеміз. Вейптердің бюджетке де пайдасы жоқ, денсаулыққа да пайдасы жоқ. Қаржы министрі ретінде мен вейптердің айналымының жалғасуына үзілді-кесілді қарсымын»,- деді министр.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма басшысы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин Қазақстанға дизайны мен хош иісі жарқын вейптерді әкелуге және сатуға тыйым салуды ұсынған болатын. Байгенжиннің пайымдауынша, вейпті тұтыну 10 жылдан кейін өкпе ауруымен ауыратын науқастардың көп болуына әкеледі.

Оның айтуынша, электронды темекі сату 2006 жылы басталып, кейін оның құрамында тек никотин болған, ал 2017 жылы вейп деп аталатын хош иістендіргіш электронды темекілер шығарыла бастаған.

Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты.

«Бұл өнім құрамында өкпеге зиянды қоспалар бар. Ол қоспалар өкпе эпителийін зақымдайды.Бүгінде электронды темекіні оқушылардың көп тұтынуына байланысты Қазақстан өкпе аурулары бойынша қауіпті аймақта тұр», дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.  

Депутаттар Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Ғалымжан Елеуов, Дәулет Тұрлыханов және Гүлдара Нұрымова осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдап, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте кеңінен талқылаған.

Дүниежүзідік Денсаулық ұйымының мәліметінше,  33  мемлекет электронды темекі сатуға тыйым салса, 79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, бұл өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған. 

Сондай-ақ оқыңыз