Фото: kursiv.media
Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийі Ресейдің инвестициялық компаниялары түсірген арызға қатысты жауап берді. Орталық депозитарий шетелдік компаниялардың шағымы негізсіз деп тұжырымдайды.
«Орталық депозитарий оны аталған сотқа ортақ жауапкер ретінде тарту негізсіз деп санайды. Шетелдік бағалы қағаздарды есепке алу халықаралық депозитарийде жүзеге асырылады. Орталық депозитарий шарттық қатынастар шеңберінде шетелдік бағалы қағаздармен операцияларды есепке алу және тіркеу жөніндегі делдалдардың бірінің функцияларын орындайды және өз депоненттеріне қатысты жаһандық кастодиандар мен депозитарийлер белгілеген шектеулер мен тыйымдарды қолданады», – делінген жауапта.
Сонымен қатар Орталық депозитарийдің егер мұндай операцияларға қатысты жоғары тұрған деңгейде шектеулер белгіленсе, операцияларды тіркеуге және осы кірістер Орталық депозитарийдің жаһандық кастодиандар мен депозитарийлердегі шоттарына түспесе немесе осы қаражат жоғары тұрған есептік ұйым деңгейінде бұғатталған болса, шетелдік бағалы қағаздар бойынша кірістерді бөлуге мүмкіндігі жоқ екені жазылған.
Орталық депозитарий бұл іс 2023 жылдың қарасынан бері жүріп жатқанын жеткізді. Алайда депозитарий дау Мәскеу қаласының Арбитраждық сотында қаралуына қарсы. Оған қатысты қандай да бір шағым болса, жергілікті сотта қаралуға тиіс.
«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасында Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияны қоса алғанда, бірқатар халықаралық келісімдер мен конвенциялар қолданылады. Оларға сәйкес заңды тұлғаларға талап оның аумағында заңды тұлғаның басқару органы орналасқан мемлекеттің соттарына қойылады. Басқаша айтқанда, мұндай талапты қазақстандық соттар Орталық депозитарийдің орналасқан жері бойынша қарауы тиіс», – делінген хабарламада.
Бұған дейін ресейлік қос компания Қазақстан бағалы қағаздар орталық депозитарийінің үстінен сотқа шағым түсірген. Іс ресейлік электронды сот төрелігі порталында тіркелген.
Moscow Digital Assets Management шағымын қалалық арбитраж соты 9 қаңтарда тіркеген. Жауапкерлер – Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийі және бельгиялық Euroclear депозитарийі (Мәскеу биржасы құрылымының бөлігі және 2022 жылы ЕО санкцияларына ұшырады). Euroclear депозитарийі 2022 жылдың көктемінде Ұлттық есеп айырысу депозитарийінің корреспонденттік шоты арқылы сақталған ресейлік инвесторлардың активтерін бұғаттаған. Шағым сомасы 74,11 миллион рубльді құрайды. Осыған ұқсас талап қазан айында берілген, оның сомасы – 676,7 миллион рубльге тең.
Сондай-ақ қараша айында мәскеулік Intellect-Capital басқарушы компаниясы KCSD мен Euroclear-ді сотқа берді. Шағым сомасы сол кезде 376,1 миллион рубльді болды. Екі жағдайда да іс материалдарында қойылған талаптың мәні ашылмаған.
Былтыр KCSD қайталама санкцияларға ұшырамас үшін және Euroclear өтініші бойынша, брокерлерге Ресей мен Беларусь клиенттерінің шоттары жеке есебін жүргізуді тапсырған. Сондай-ақ депозитарий ресейлік эмитенттерге еурооблигацияларды (рубльден басқа валютада көрсетілген) рубльге ауыстырудан бас тарта бастады.
2022 жылы KCSD ресейлік бағалы қағаздарды сақтау және есепке алуға қолайлы орынға айналды. Оның ішінде Ресей үкіметі қарызының негізгі құралы – федералды қарыз облигациялары бар. Оларды Қазақстанға Ресей Федерациясының брокерлері өткізген.
Сонымен қатар Орталық депозитарийге ресейлік эмитенттердің еурооблигациялары түскен. Бұл қағаздарға шетелдік ұстаушылар ресейлік биліктің бұғаттауы салдарынан толық қол жеткізе алмағандықтан, қайта сатып алынған.
Бұл схема брокерлер арасында танымал бола бастады. Өйткені бағалы қағаздардың номиналды ұстаушысы ретінде Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийін көрсету Euroclear, Clearstream және Ресей Орталық банкіне акциялар мен облигациялардың түпкілікті иесін анықтауды қиындатты. Ресей Банкі бұл жағдайға наразы еді, себебі ол ресейлік депозитарийлердегі шетелдік ұстаушылардың бұғатталған бағалы қағаздарын бақылай алмай қалды.