АҚШ-тағы инфляция туралы дерек Еуропа нарығына кері әсер етті
АҚШ-тағы инфляция туралы деректер жарияланған соң, Америка қор индекстері бейсенбі күнгі сауда-саттықты аралас мәнде жапты. Есесіне бұл жаңалық Еуропа қор нарығына кері әсер етіп, негізгі индекстер біршама төмендеді. Инвесторлар АҚШ-тағы инфляция туралы деректерді бағалады.
Dow Jones Industrial Average 0,04%-ға өсіп, 37 711,02 тармаққа жетсе, Standard & Poor’s 500 индексі 0,07%-ға төмендеп, 4 780,24 тармақты құрады. Ал Nasdaq индексі 14 970,19 тармағында тұрақтады.
АҚШ-тың Еңбек департаменті елдегі тұтынушылық бағалар индексі былтыр желтоқсанда 2022 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 3,4%-ға өсті деп хабарлады. Инфляция қарашадағы 3,1%-дан үдеп, 3,2%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш орташа нарықтық болжамнан да асып түскен.
Азық-түлік пен энергия құнын есептемегенде, тұтыну бағалары желтоқсан айында бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,9% өсті. Сарапшылар орта есеппен негізгі ТБИ индексінің қарашамен салыстырғанда 0,3% және жылдық мәнде 3,8% өседі деп болжаған.
«Статистикалық мәліметтер жарияланғаннан кейін, Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) наурызда негізгі пайыздық мөлшерлемені төмендетуіне қатысты ықтимал болжам 70%-дан 65%-ға дейін төмендеді»,- деп жазады Trading Economics.
Сонымен қатар Америка Құрама Штаттарында жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға түскен өтініштер қатары өткен аптада 1 мыңға азайып, қазан айынан бергі ең төменгі деңгей – 202 мыңды құраған. Сарапшылар орташа есеппен өтініштер саны 210 мыңға дейін артады деп күткен.
Микрочип өндірушісі NVIDIA Corp. 0,9%-ға қымбаттап, жаңа тарихи максимумға жетті.
Chesapeake Energy акциялары Southwestern Energy Co газ компаниясын сатып алатыны жайлы жаңалықтардан кейін 3,2% қымбаттады.
Hertz Global Holdings Inc. акцияларының бағасы өзінің бүкіл электр көлігінің үштен бірін немесе шамамен 20 мың автокөлікті сатуға ниетті екенін жариялағаннан кейін, 4,3%-ға төмендеді. Нәтижесінде компания шамамен 245 млн долларды бір реттік есептен шығармақ.
Ал Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі қор индекстері АҚШ-тағы инфляция қарқыны үдегені жайлы мәлімет жариялаған соң, біршама төмендеді.
Жарияланған деректер трейдерлердің Федералды резер жүйесі наурыз айында негізгі пайыздық мөлшерлемені төмендете бастайды деген үмітін әлсіретіп жіберді.
Еуропаның ең ірі индекстерінің бірі Stoxx Europe 600 бейсенбі күні нарық жабылғанда 0,77%-ға төмендеп, 472,77 тармақты құрады.
Британдық FTSE 100 – 0,98%, неміс DAX – 0,86%, француздық CAC 40 – 0,52%, итальялық FTSE MIB – 0,66%, испандық IBEX 35 – 0,62% жоғалтты.
Германияның SAP SE акциялары сауданың соңында 0,1%-ға арзандады. Бейсенбіде бағдарламалық жасақтама әзірлеуші шетелдік шенеуніктерге пара беру ісін реттеу туралы келісім аясында 220 миллион доллар төлейтіні белгілі болды.
Tesco Plc Ұлыбританиядағы мерекелік сатылымдардың жақсы болғанына қарамастан, 1,4%-ға төмендеді. 25 ақпанда аяқталатын қаржы жылындағы түзетілген операциялық пайда қазір шамамен 2,75 млрд фунт стерлингті ($3,5 млрд) құрайды деп күтілуде. Алдыңғы болжам 2,6-2,7 млрд фунт стерлингті құрады, ал 2023 қаржы жылының соңында пайда 2,49 млрд фунт стерлингті болды.
Darktrace акцияларының бағасы 9%-ға көтерілді. Киберқауіпсіздік фирмасы маусымда аяқталатын қаржы жылындағы кіріс өсіміне қатысты болжамын бұрын күткен 22-23,5%-дан 23-24,5%-ға дейін көтерді.