Журналист Асхат Ниязов пен оның туыстарына кибершабуыл жасалған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Журналист Асхат Ниязов пен оның туыстарына кибершабуыл жасалған / коллаж kursiv.media

Қазақстандық журналист және «Обожаю» YouTube-арнасының авторы Асхат Ниязов өзінің WhatsApp аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді. Бұған қоса, оның әйелі, ата-анасы мен әріптесі Назымгүл Күміспаевға да хакерлік шабуыл жасалған.

«Достар, менің уатсабым бұғатталды. Осында немесе телеграммға жазыңыздар. Түнде менің әйелім, анам, әкем мен Назымгүлдің (журналист Назымгүл Күміспаева – ред.) уатсап аккаунттары бұғатталды. Нақұрыстар, ата-анамның не қатысы бар? Назымгүлдің қазір инстаграмм, телеграмм мен уатсабы істемейді»,– деп жазды журналист Instagram парақшасында.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айында Ниязов Telegram арнасына хакерлік шабуыл жасалғанын айтты. Бір түнде оған 10 мыңнан астам адам жазылған. 

«Қазір менің әлеуметтік желілеріме шабуыл жасалуда. Әзірге пікірлерді жауып, жабық арна жасауым керек. Бәрі уақытша деп үміттенемін», – деп жазды автор.

2024 жылы Ниязовтың әлеуметтік желілеріне және оның «Обожаю» жобасына хакерлік шабуылдар тоқтаған жоқ. 9 қаңтарда журналист өзінің YouTube роликтерінің астында әртүрлі аккаунттар «R. I. P» деген бірдей пікір жазылғанын айтты. Ниязовтан кенеттен жарнама берушілер де бас тарта бастаған. Журналист қазақстандықтардан қаржылық қолдау сұрады.

https://www.youtube.com/watch?v=adKDFTgYN2M

«Журналистика мен сөз бостандығына қарсы шара ұйымдастырғандарға сәлем жолдаймын. Егер барлық әлеуметтік желілерімізді бұғаттап, Youtube арнамызды бұғаттап шықсаңыздар. Біз оны флэш-дискілерге жазып, көшеге шығып, адамдарға таратамыз. Бізді тоқтата алмайсыздар!», – деп уәде берді Ниязов.

21 желтоқсан күні қазақстандық журналистер Kursiv.Media алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына жасалып жатқан кибершабуылдарға қарсы бірлескен жұмыс тобын құрып, мәселеге халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарын аудару мәселесін талқылаған.

БАҚ өкілдері кибершабуылдарға қарсы тұру үшін жұмыс тобын құрып, мәселені қоғам назарында ұстау керек екенін айтты. Олар алдымен  қазақстандық БАҚ-қа жасалған шабуылдардың уақыты мен ретін тізіп шығуға келісті. Мамандар шабуылдардың ауқымын көрсету арқылы мәселеге қоғам мен биліктің назарын аударуға болатынын айтады. Kursiv.Media бас редакторы қазақстандық БАҚ өкілдерін кибершабуыл фактілерін жасырмай, жұмыс тобына қосылуға шақырды.

Kursiv.Media басылымына жасалған шабуылдар жаңа деңгейге көтеріліп, бірнеше күнде басылымның telegram-арнасына 90 мыңға жуық жалған аккаунттар (боттар) қосылған.

Осыған дейін 6-11 желтоқсан аралығында Kursiv.Media сайтының серверлері DDOS шабуылға ұшырап, 1,3 миллиардтан астам өтініш тіркелген. Осының әсерінен Kursiv.Media сайты ашылмай қалған еді. Басылымның IT-департаменті мен қауіпсіздік қызметінің жедел және тиімді әрекеттерінің нәтижесінде сайтқа келген зардаптар аса қатерлі болмады. Сондай-ақ, корпоративтік поштаны бұзу әрекеттерімен, басылым қызметкерлеріне жалған мекенжайлардан хат жіберу фактілері болды. Дәл қазір Kursiv Instagram аккаунты бұғатталған.

Сондай-ақ оқыңыз