Балалардың әуе билетіне бюджеттен 90 млн теңге жұмсалды
2023 жылы екі мыңға жуық бала Kids Go Free бағдарламасымен Қазақстан ішінде тегін ұшқан. Бюджеттен балалар әуе билетіне 90 млн теңге жұмсалған.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Kids Go Free бағдарламасы аясында 13 туристік компания 920 тур сатқан. Олардың құны (авиабилет құнын алып тастағанда) 458 млн теңгені құрады.
Ал 2022 жылы аталмыш бағдарлама аясында 373 млн теңгеге 692 тур сатылып, 1 430 бала ел аумағында саяхаттаған. Былтырғы авиабилеттерге өтемақы сомасы 76,2 млн теңгені құрады.
Ең танымал бағыттар. Алакөл көлі танымалдығы бойынша бірінші орында – 637 бала барған. Билеттерге 10,7 млн теңге бөлінген.
Екінші орында – Алматы. Қалаға 561 бала келіп, билеттерге 31,9 млн теңге бөлінді.
Үшінші орында – Каспий жағалауы. Өткен жылы мұнда 350 астам бала демалып, билеттер сомасы 25,5 млн теңгені құрады.
2022 жылы Қазақстанда Kids Go Free ішкі туризмді дамыту бағдарламасы іске қосылды. Елаумағында туристік компаниялар көмегімен саяхаттаған балалардың билеттерінің құны бюджеттен өтеледі.
Жеңілдікті 2 жастан 17 жасқа дейін Қазақстанның азаматтары қолдана алады. Тек арнайы лицензиясы бар туристік оператордан тур сатып алуы қажет.
Айта кетейік, Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) мәліметіне сәйкес, 2018- 2022 жылдары дейін Қазақстан ЖІӨ-дегі туризм үлесі COVID-19 пандемиясына байланыстыі- қатты төмендегенін жазған едік. Тек 2022 жылы туризм 3,9%-ға, пандемияға дейінгі деңгейге жеткен.
Ресми мәлімет бойынша, туризм саласына кейінгі 3 жылда 4 млрд доллар инвестиция тартылған. Былтыр салынған инвестиция көлемі 513,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар осы жылдары елімізде 400-ден астам туристік нысан бой көтерген.