Түркістан облысының білім беру бөлімдері мектеп күзетшілерін жұмыстан шығару кезінде еңбек заңнамасын бұза отырып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақы төлемеген.
«Түркістан облысының прокуратурасы жалпы білім беру мектептерінің күзетшілеріне жұмысынан айырылуына байланысты берілетін тиесілі өтемақыны аудармағанын анықтады», – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, Білім және ғылым министрінің бұйрығымен білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын объектілер террористік тұрғыдан осал объектілерге өтуіне байланысты, оларды күзету жеке күзет агенттіктеріне берілген. Осы келісімнен кейін Түркістан облыстық білім бөлімдері 1 473 мектеп күзетшісін жұмыстан шығарған. Осы азаматтардың жұмыстан шығару кезінде енбек заңнамасының талаптарын бұза отырып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақыны төлемеген.
Прокуратура тексеруінен кейін аталмыш азаматтарға бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлемдері аударылды. Бюджеттен күзетшілерге аударылған ақшаның жалпы соммасы 115 млн теңге.
Айта кетейік, 2020 жылдан бері білім саладағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталған. Мемлекетке келтірілген залал 11 млрд теңгені құрап, соның 5,2 млрд теңгесі өтелген. Білім беру жүйесінде бюджет қаражатын тұрақты жымқыру қылмыстық схемалары ашылды.
Қазақстанның білім беру жүйесі – жемқорлық жайлаған салалардың бірі. Қозғалған қылмыстық істер саны бойынша «үздік» үштікке кіреді. 2020 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында 382 қылмыстық іс тіркелсе, білім саласында -343, сондай-ақ, әлеуметтік салада 235 қылмыстық құқық бұзу анықталған.