Сарапшылардың 94 пайызы қаңтарда базалық мөлшерлеме төмендейді деген пікірде
Фото: kursiv.media
Базалық мөлшерлеменің төмендеуін күтіп отырған сарапшылардың үлесі 94%-ға дейін өсті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының 2024 жылғы қаңтардағы қаржы нарығының негізгі көрсеткіштеріне қатысты болжамында баяндалды.
Талдау нәтижесі биыл ақша-несие саясатының тұрақты болатынын, Қазақстанда ғана емес, негізгі сауда әріптестерімізде де инфляциялық қысым біртіндеп төмендейтінін көрсетті.
Сарапшылар зерттеу барысында Brent мұнайының және АҚШ долларының теңге мен рубльге қатысты құнын, инфляцияны, ЖІӨ-ні және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін назарға алды.
19 қаңтарда ақша-несие саясатына қатысты өтетін жиында базалық
мөлшерлеменің төмендеуін болжаған сарапшылардың үлесі желтоқсандағы 76%-дан 94%-ға жетті. Мамандар базалық мөлшерлеменің төмендеуі 15,25-15,5%-дан 15-15,5%-ға дейінгі аралықта болады деген болжам жасап отыр.
Ұлттық банктің алдағы 12 айда базалық мөлшерлемені төмендетуде түбегейлі шешім қабылдауы ғажап емес. Бір жылдан соң оның мәні инфляциялық күтулердің төмендеуінен 11,25%-ды (- 450 б.т.) құрауы мүмкін. Алдағы жылы бұл көрсеткіш болжанған 10,6%-ға емес, 9,7%-ға тұрақтауы ықтимал.
«Қаржылық жағдайдың жақсаруы, ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, фискалдық ынталандыру және энергоресурстарға белгіленген жоғары бағамен экономикалық өсуіне серпін береді. ЖІӨ 4,0%-дан 4,1%-ға дейін жақсарды», – деп жазылған Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының зерттеуінде.
Мамандардың мәлімдеуінше, бір жылда мұнай бағасы қазіргі бағадан
сәл жоғары болады. Бұған ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін қысқартуы мен әлем бойынша пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі ықпал етуі мүмкін.
Валюта нарығы қысқа мерзімді перспективада тұрақты болады. Ақпан айының басына қарай USD/KZT жұбының бағамы бір долларға – 457,4 теңге болады деп болжануда. Ақпан айында нарыққа өткен жылы жасалған ірі салық төлемдері жайлы жағдай жасайды.
«Дегенмен бір жылда USD/KZT жұбының бағамы – 484,1 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұған теңгедегі активтердің тартымдылығының төмендеуі, пайыздық мөлшерлеменің қысқаруы, импорттың өсуі, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, сыртқы борыш бойынша төлем жасау әсер етуі мүмкін. 2024-2025 жылдары Қаржы министрлігінің еурооблигациялары бойынша төлем жасалауы тиіс. Ресей рублі қазіргі көрсеткішін сақтай алмайтын сияқты. Алдағы 12 айда долларға қатысты тағы 6,5%-ға әлсіреуі мүмкін. Яғни бір доллар қазіргідей 89,3 рубль емес, 95,2 рубль болуы ықтимал», – деп нақтылады сарапшылар.
Қауымдастықтың бұған дейін жүргізген сауалнамасына сәйкес, қаржы нарығы өкілдерінің басым бөлігі (76%) реттеуші 2024 жылы ақша-несие саясатына байланысты бірінші отырысында базалық мөлшерлемені тағы да төмендетеді деген пікр білдірген.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 69%-ы мөлшерлеме 25 базистік тармаққа азайып, 15,5%-ға дейін төмендейді десе, қалғандары бірден 50 базистік тармақ қысқарып 15,25%- құрайтынына сенімді болған.
Естеріңізге салайық, 2023 жылғы 24 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-дан 15,75%-ға төмендетті. Бұл – базалық мөлшерлеме бойынша өткен жылы қабылданған соңғы шешім болды.