Дербес деректерге қатысты заңнаманы бұзғандарға 1,2 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
дербес деректер

Дербес деректер бойынша заңнаманы бұзуға қатысты 30-дан астам әкімшілік іс қаралған / Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғандарға 1 226 485 теңге айыппұл салынған. Бұл жайлы ЦДИАӨМ баспасөз қызметі хабарлады.

«2023 жылы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 30-дан астам әкімшілік іс қаралып, нәтижесінде жеке, заңды және лауазымды тұлғаларға 1 226 485 теңге сомасында айыппұл салынды», – делінген хабарламада.

Бұл ретте министрлік жеке деректерді заңсыз жинау және өңдеу бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жәбірленушінің өтініші бойынша ғана қозғалатынын ескертеді. Яғни деректері таратылған субъектілерден сұрау түскен жағдайда ғана ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарайды.

Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік және ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Жеке деректерді қорғау үшін не істеу керек?

Жеке деректердің қолды болмау үшін минисьрлік мынадай шаралар қолдануды ұсынады:

  • Күрделі құпия сөздерді пайдаланған жөн. Әртүрлі тіркеулік жазбаларда бірдей құпия сөзді пайлаланбаған дұрыс.
  • Құрылғыдағы бағдарламалық құралды жаңартып отырыңыз, өйткені жаңа нұсқаларда қауіпсіздік түзетулері жиі болады. Бұл сізді ықтимал хакерлік шабуылдардан қорғайды.
  • Күдікті хабарларға жауап бермеңіз немесе белгісіз жіберушілердің сілтемелерін ашпаңыз. Бұл сіздің құрылғыңызға зиянды бағдарламаның орнатылуына әкелуі мүмкін.
  • Вирустардан және басқа қауіптерден қорғау үшін антивирустық бағдарламалық құралды пайдаланыңыз. Бұл құрылғыңызды зиянды бағдарламалардан қорғауға көмектеседі.
  • Жеке ақпаратыңызды бейтаныс сайттар мен қолданбаларда енгізбеңіз. Жеке ақпаратыңызды енгізбес бұрын сайттар мен қолданбалардың беделін тексеріңіз.
  • Тіркеулік жазбаларды қорғау үшін екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз. Бұл сіздің тіркеулік жазбаларыңызға рұқсатсыз кіруді болдырмауға көмектеседі.
  • Әлеуметтік желілердегі және басқа да онлайн қызметтердегі құпиялылық параметрлерін тексеріңіз. Бұл сіздің жеке ақпаратыңыз оны берген адамдар үшін ғана қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

Жеке деректерді қорғау үшін үкімет қандай шаралар қолданады?

Сенат 16 қарашада ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғауға қатысты заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Сенатор Андрей Лукин қоғамның қарқынды цифрландыруға көшіп жатқанын ескере келе, азаматтардың дербес деректерін сақтау маңыздылығына тоқталып, заңды қабылдау қажеттігін айтты. Депутаттың айтуынша, 1 жыл ішінде маңызды цифрлық инфрақұрылымдарға 163 млн рет шабуыл жасалған.

«Деректерге сәйкес, өткен жылы мемлекеттік органдардың ресурстары мен маңызды инфрақұрылымға жасалған 163 миллионнан астам кибершабуылдар тоқтатылды. Оның үстіне небәрі бір айдың ішінде 20 миллион кибершабуылға тойтарыс берді. Сандар өте қорқынышты»,– дейді Лукин.

Осыған дейін, депутат Нұртай Сабильянов дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, көптеген азаматтың жеке деректерінің заңсыз таралу жағдайы жиі тіркелетінін айтқан. Ол мысал ретінде медициналық ақпараттық базасынан, Бас прокуратураның  ақпараттық жүйесінен мәліметтердің таралып кету жағдайын келтіріп, заңға өзгеріс енгізу осындай келеңсіздіктердің алдын алуға көмектесетінін алға тартып, заңның енгізілуін қолдаған.

Цифрлық даму министрлігі қазан айының аяғында азаматтардың құпиялылығына және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген 8 Telegram-бот бұғатталғанын хабарлады.  

Сондай-ақ оқыңыз