Әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталғаны туралы ақпарат тарай бастады. Онда Ұлттық қорғаныс университетінің алаңында тұрған Қазақстанның тұңғыш президентінің ескерткіші алынғаны туралы айтылған. Бұл ескерткіш 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына арнап қойылған болатын.
Бірнеше басылым журналистері ақпаратты тексеру мақсатында университетке барған. Бірақ ауласына кіруге рұқсат берілмегендіктен, бұл ақпаратты растайтын фото дәлелдер келтіре алмаған. Десе де, университет басшылығы ескерткіштің расымен алынып, қоймаға қойылғанын айтқан.
Бұл ақпаратты нақтылау үшін Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдадық. Министрлік мәлімдеуінше, Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында ҚР Тұңғыш Президенті ескерткішінің демонтаж жасалуына университет атауының өзгеруі себеп болған.
«ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» атауы «ҚР Ұлттық қорғаныс университеті» болып өзгертілді. Осыған байланысты Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан ҚР Тұңғыш Президентінің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ескерткіш қорғаныс ведомствосы ғимараттарының бірінде уақытша сақталып тұр. Тиісті дайындық шараларын өткізгеннен кейін ескерткіш мұражай ғимаратына көшіріледі», – делінген Қорғаныс министрлігінің жауабында.
Алынып тасталған ескерткіште Нұрсұлтан Назарбаев әскери форма мен қалпақ киіп тұрған кейіпте бейнеленген. Жалпы Назарбаевқа тірі кезінде қойылған ескерткіштер өте көп. Оның есімі әуежай, оқу орындары, музей, кітапхана, көше, саябақтарға берілген болатын. Бірақ соңғы кезде барлық жерден тұңғыш президенттің атын «сызып тастау» науқаны жүре бастады.
Ең бірінші кезекте «Назарбаевтан» Астана атауы қайтарылды. Өткен жылдың 15 ақпанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.
Сонымен бірге Қазақстанда мемлекет басшысына тікелей есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың наградаларына қатысты Президент Жарлығына өзгерістер енгізілмек. Осыған байланысты олар кейбір медальдардың атауларынан Елбасы мәртебесін алып тастау жоспарланған.
Ал 29 маусымда Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.