Microsoft акциялары 0,5%-ға өсіп, әлемдегі ең қымбат компаниялар рейтингінде Apple-ді басып озды

Жарияланды
Microsoft компаниясы
Microsoft компаниясы бейсенбідегі саудада 2,859 триллион долларға бағаланған / Фото: kursiv.media

Америкалық Microsoft корпорациясы әлемдегі ең қымбат компаниялар рейтингінде Apple-ді басып озды, деп хабарлайды Reuters.

Microsoft (MSFT.O) 2021 жылдан бері алғаш рет әлемдегі ең құнды компания ретінде танылған Apple-ді (AAPL.O) қысқа уақытқа басып озды. Оған себеп, iPhone өндірушісінің акциялары сұранысқа қатысты алаңдаушылықтың артуына байланысты осы жылды әлсіз нәтижемен бастаған.

Сарапшылар Microsoft компаниясы акцияларының көтерілуіне компания ChatGPT жасаушы OpenAI-ге инвестициялауды арттыруы себеп болғанын айтқан. Компанияның нарықтық құны жасанды интеллект саласындағы генеративті көшбасшылығының арқасында күрт өсті.

Бейсенбі күнгі саудада Microsoft акциялары 0,5%-ға қымбаттап, компанияның нарықтық құны 2,859 триллион долларды құрады. Сессия барысында ол 2%-ға көтеріліп, компанияның құны қысқа уақытқа 2,903 триллион долларға дейін өскен.

Ал Apple акциялары 0,3%-ға төмендеп, компанияның нарықтық капиталы 2,886 триллион долларды құрады. Microsoft пен Apple жылдар бойы бірінші орын үшін таласып келеді. Microsoft 2018 жылы қысқа мерзімге Apple-ден озып жүрді. Сонымен бірге 2021 жылы COVID пандемиясына байланысты iPhone жеткізілімінің тізбегі бұзылған кезде Microsoft қысқа мерзімге Apple компаниясын басып озған.

«Microsoft корпорациясының Apple-ді басып озатыны анық еді. Өйткені Microsoft жылдам дамып келеді және генеративті AI революциясынан көп пайда көреді», – деді DA Davidson талдаушысы Гил Лурия.

Redburn Atlantic брокері Apple акцияларын «бейтарап» деңгейге дейін төмендетті. Брокер пікірінше «Қытайдағы жағдай алдағы жылдары өнімділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін». Одан бөлек 41 сарапшының үшеуі 2024 жылдан бастап Apple рейтингін төмендеткен.

Еске сала кетсек, Қытайдың iPhone телефондарына тыйым салуына байланысты Apple акциялары 5,1%-ға құлдырады. Bloomberg мәліметінше, 2023 жылдың 7 қыркүйегінде тіркелген бағалы қағаздар құнының төмендеуі тамыздан бергі ең күшті құлдырау болған.

Жалпы Apple акциялараның баға белгілері Қытайдағы оқиғалармен тығыз байланысты. Бұл нарық корпорация үшін ең жоғары басымдыққа ие. Себебі iPhone телефоны жеке тұтынушылар арасында да, Қытайдағы мемлекеттік қызметкерлер арасында да кеңінен пайдаланылады.

Сондай-ақ оқыңыз