Rixos Aktau қонақүйі Қаракөлге сарқынды су ағызуға рұқсат алу үшін үкіметтегі таныстарын пайдаланған ба?
Ақтаудағы Rixos қонақүйі сарқынды суын Қаракөлге ағызуға рұқсатты «үкіметтегі таныстарының көмегімен» алған. Бұл жайлы Экология министрлігі Орман шаруашылығы комитеті департаментінің бұрынғы басшысы Айтуар Туғанбеков өзінің Instagram парақшасында айтты.
Эколог Rixos қонақүйінің сарқынды суы Қаракөл көлінің жағдайын күн сайын нашаралатып жатқанын мәлімдеді.
«Қаракөл көлінің жанында көптеген ластайтын нысан бар. Соның салдарынан соңғы бес жылдан бері көлдің экологиялық жағдайы күрт нашарлап кетті. Ал көлдің ластануына бірінші кезекте – Rixos қонақүйі себеп. Бұл тек менің ғана пікірім емес, мемлекеттік органдар, экологтар тексеріс жүргізіп, бұл туралы талай рет айтылған болатын», – деді эколог.
Туғанбеков жоба бойынша Rixos суды Каспий теңізінен алып, оны сүзгіден өткізіп, өз қажеттіліктеріне пайдалануы керек болған айтады. Ал пайдаланылған суды Қаракөлге ағызу ұсынылған. Жоба жоспарында сарқынды суды тазалайтын сүзгілердің өте қуатты болатыны көрсетілген. Алайда эколог ол сүзгілердің ластанған суды лайықты деңгейде тазаламайтынын айтады. Көлге зияны көп болғаны себепті бұл шешіммен келіспеген, құжатқа қол қоймаған. Бірақ Rixos «жоғарыдағы таныстарына шыққан».
«Rixos өзінің үкіметтегі таныстарын пайдаланды. Бұл 2020 жылы болатын. Рұқсат беру туралы құжатқа мен емес, сол кездегі орман шаруашылығы басқармасының төрағасы қол қойды. Бұл сол кездегі вице-премьер мен вице-министрдің тікелей бұйрығымен жүзеге асырылды», – дейді Туғанбеков.
Эколог үш жыл бұрын сарқынды суды басқа жерге ағызу туралы ұсыныс жасағанын айтты. Бірақ қонақүй басшылары оның нұсқасын «тым қымбат» санап қабылдамаған.
«Бір-екі шақырым жерде бұл суды төгуге болатын шұңқыр болды. Мен сарқынды суды сол жерге төгу үшін шұңқырға дейін тым болмағанда пластикалық құбырлар жүргізуді ұсындым. Бірақ менің нұсқам олар үшін тым қымбат болып шықты. Өйткені қонақүй бір айдан кейін ашылуы керек еді», – дейді Айтуар Туғанбеков.
Ол қазір жүргізіліп жатқан тексерулер оң нәтиже береді деген сенім білдірді.
Еске сала кетсек, блогер Азамат Сәрсенбаев 2 қаңтарда Қаракөл көлінде аққулардың жаппай өліп жатқанын хабарлады.
Ал бір күн өткен соң, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мәлімдеме жасады. Олар аққулардың құс тұмауынан қырылғанын мәлімдеді.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті аққулар туралы хабарлаған блогер Азамат Сәрсенбаевқа айыппұл салды. Бірақ 51750 теңге көлемінде тағайындалған айыппұлды блогердің оқырмандары жауып берген.
10 қаңтарда Қаракөл көлінде 800-ден аса аққудың қырылуына байланысты Rixos отелі жоспардан тыс тексерілетіні хабарланды.
Өз кезегінде Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев сарқынды суды Қаракөл көліне ағызғандарын мойындады. Бас менеджер орталық кәріз жүйесі болмағандықтан, қонақүй құрылысы кезінде сарқынды суды тазартып, көлге ағызу жобасы бекітілгенін баяндады. Ол қонақүйде сарқынды суды Қаракөл көліне ағызуға рұқсат беретін тиісті құжат бар екенін және Rixos Water World Aktau Қаракөлдегі аққулардың жаппай қырылуын объективті тергеуге мүдделі екенін мәлімдеді. Ол алдағы бір-екі аптада қонақүй орталық кәріз жүйесіне қосылып, Қаракөл көліне сарқынды су ағызылмайтынын мәлімдеді.