«QazAvtoJol» сапарға шықпас бұрын ауа райы туралы ақпаратқа назар аудару қажеттігін ескертеді / Фото: shutterstock
Қазақстанның 2 облысында республикалық маңызы бар автожолдардың 2 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл жайлы «QazAvtoJol» баспасөз қызметі хабрлады.
Жамбыл облысында – 1 учаске жабылған. «Алматы-Ташкент-Термез» 159-238 км, Кенен а.-Қайнар а. дейін (қозғалыс ескі Қордай асуы арқылы) – 79 шақырымға шектеу енгізілген. Шектеу автокөліктің барлық түріне қолданылады. Бұл учаске жел, боран және көріністің шектеулігіне байланысты жабылған.
Жетісу облысында – 1 учаскеге шектеу енді. Ол – «Үшарал-Достық» бағытындағы 84-184 км және Көктұма станциясы мен Достық станциясының аралығындағы – 100 км. Бұл аймақта да шектеу боран мен шектеулі көрініске байланысты автокөліктің барлық түріне қолданылады.
Кешегі күні «QazAvtoJol» Қазақстанның төрт облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабылғанын хабарлады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында жол учаскелеріне шектеу енгізілген болатын.
«QazavtoJol» 11-13 қаңтар аралығында ауа райының күрт бұзылып, -32 градусқа дейін аяз болатынына байланысты ескерту жариялаған болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты «QazavtoJol» қазақстандықтарға сапарға шықпас бұрын ауа райы туралы ақпаратқа назар аударуға шақырды. Ал автожолдар туралы ахуалды білу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне хабарласу ұсынылған.
Ал қазіргі жол ахуалына келер болсақ, компания мәліметінше автожолдарда қысқы күтіп-ұстау жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қар тазалау техникалары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстауға 312 бірлік техника және 480 адам жұмылдырылған.