Қызылорда облысы көшелеріне қазақша атау беріліп жатыр
Қызылорда облысының Сексеуіл кентіндегі бес көшенің атауы өзгертіледі. Көшелердің атауын өзгерту туралы шешім ашық нормативтік-құқықтық актілердің (НҚА) сайтында жарияланды.
«Советская көшесі –Нұраш Атантаев, Калинин көшесі- Сейітқали Сейітмұратов, 8 март көшесі –Жарылқасын Сағиданов , Октябрьдің 60 жылдығы көшесі- Мақсұт Бекниязов, Привокзальная көшесі- Алтын орда деп өзгертіледі», – делінген хабарламада.
Заң жобасын көпшілік талқылауы 29 қаңтарға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елдімекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау және транскрипциясын нақтылауда халық пікірі ескеріледі деп хабарлаған болатынбыз.
Атауларды өзгертуге қатысты қағидалары «Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленген.
«Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары бекітілсін»,– делінген құжатта.
Бұл құжатқа сәйкес ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, қаладағы аудандарға, қалаларға, аудандарға, облыстарға, шағын аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, тұйық көшелерге, саябақтарға, скверлерге, көпірлерге және елді мекендердің басқа да құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау және транскрипциясын нақтылау кезінде тиісті аумақтағы халықтың пікірі ескеріледі.
Ал республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға, қаладағы аудандарға, елдімекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру кезінде аумақ халқының пікірін ескеру үшін қажетті материалдар тиісті мәслихаттардың қарауына енгізіледі.
Айта кету керек, Қарағанды облысы Саран қаласы Ақтас кенті тұрғындарының пікірін ономастикалық комиссия орынды деп тауып, Ленинградская көшесін – Әлия Молдағұлова көшесіне, Бородин көшесін – Бейбітшілік көшесіне, Городская көшесін – Кеншілер көшесіне, Привольная көшесін – Бауыржан Момышұлы көшесіне, 8 Марта және Трансортная көшелерін біріктіріп – Қаныш Сәтбаев көшесіне ауыстыру туралы шешім шығарған.
Ал, Жетісу ауданының тұрғыны Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтан Жайсаң көшесінің атын өзгертуді сұраған болатын.