Шымкентте «заңгер» тұрғындарды 32 млн теңгеге алдап кеткен
Алаяқ «заңгер» қазақстандықтарды 32 млн теңгеге алдап кетті. Ол өзін білікті «заңгер» ретінде таныстырып, аңқау азаматтарға бизнес жоспарын жүзеге асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант пен арнайы төлемдер алып отыруға көмектесетінін айтқан.
Мұндай «қызметтің» құны 200 мың теңге мен 2,5 млн теңге аралығында болған.
Осының нәтижесінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 15 тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болды.
«Уәде етілгенін қызметті алмаған жәбірленушілер алаяқ «заңгер» айласына түсіп қалғандарын түсініп, полицияға арызданған. Оларға келтірген жалпы шығын сомасы 32 миллион теңгені құрады», – делінген хабарламада.
Қазіргі кезде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін күдікке ілінген ер адам қамауда отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында банк менеджері ауыл тұрғындарына 21 млн теңгеге несие рәсімдеген деп хабарлаған болатынбыз.
Не болды. Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бір топ аудан тұрғындары арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, аттарына бейтаныс біреу заңсыз несие рәсімдеген.
Аталған фактіні полицейлер «алаяқтық» бойынша тіркеді. Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел іздеуге кіріскен. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді.
«Белгілі болғандай, 31 жастағы күдікті азамат банк қызметкері болып жұмыс істеп жүрген уақытында мәселемен алдына келген клиенттердің құжаттарын пайдаланып, 70 мың теңге мен 1 миллион теңге аралығында несие рәсімдеп отырған. Осылайша 47 адамды алдап, ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Келтірілген шығын көлемі 21 миллион теңге«, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, осыған дейін Ішкі істер министрлігі алаяқтық арқылы қарапайым азаматтардың 112 млн теңгесін иемденген қылмыстық топты ұстады. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алаяқтар үйреншікті әдеттерімен мұнай компаниясына жұмысқа орналастыру, автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу қызметі үшін қарапайым адамдардан 112 млн теңге жинап алып, үшті-күйлі жоқ болып кеткен.
Осыған дейін ІІМ орынбасары Игорь Лепеха жыл басынан бері елімізде 13 700-ден астам интернет-алаяқтық тіркелгенін айтты. Атап айтқанда, 13,5 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Оның 70% қала тұрғындары, қалған 30% ауыл тұрғындары. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын 11 млрд 355 млн теңгені құрайды.