Абылай Мырзахметов ісі: басты сот талқылауы қашан өтетіні айтылды
Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті.
Оған қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 4-бөлігі (пара беруге көндіру), 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша айып тағылған.
Істі судья Айжан Құлбаева қарайды. Алдын ала сот тыңдауында Мырзахметовтің адвокаттары сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішхат жолдады.
«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушы Мырзахметовке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. 2023 жылдың 12 мамырдағы бұлтартпау шарасына санкция беру кезінде тергеу соты Мырзахметовтің аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінгенін, жасалған іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін назарға алды. Сондай-ақ істі тергеу барысына қысым көрсету және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығу мүмкіндігі туралы сотқа дейінгі тергеу органы ұсынған деректер ескерілді. Тергеу соты сотталушының бостандықта болуы сотқа дейінгі іс жүргізу органдары мен соттан жасырына алатынына, объективті толық тергеуге кедергі жасау немесе қылмыстық әрекетін жалғастыруы мүмкін екенін ескерген», – деді судья Күлбаева.
Судья бұлтартпау шарасын қажеттілік болған кезде өзгеретінін, бұл жағдайда сот сотталушының қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын бас бостандығынан айыруға байланысты емес өзге де бұлтартпау шарасына өзгерту қажеттілігі жоқ екенін айтты.
Осылайша басты сот отырысы 2024 жылдың 22 қаңтарында өтетін болды.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абылай Мырзахметов 2023 жылдың 11 мамырында ұсталды. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінген.
Сондай-ақ 2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам қаражат алды деп айыпталған еді. Ол сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.