2023 жылы Қазақстанда тіркелген 400 астам блогер 200 млн теңгеден астам салық төлеген. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Министр декларация туралы заң тәуелсіз медиа ресурстар мен блогерлердің жұмысына бөгет болмайтынын айтты.
«Егер олардың (блогерлердің – ред.) қызметі кәсіпкерлік байланысты болса, әрине, олар салық төлеуге тиіс. Оған арнайы салық режимдері бар. 1%-4% дейінгі жүктеме. Олардың жұмысы тікелей кәсіпкерлікпен байланысты болмаса, онда оларға ешқандай сұрақ туындамайды және салық төленбейді», – деді Жамаубаев.
Сонымен қатар министр қазірдің өзінде Қазақстанда 400 астам салық төлейтін блогер тіркеуден өткенін айтты. Олар 2023 жылы 200 млн теңгеден астам салық төлеген.
1 қаңтардан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа кезеңі басталды. Енді заңды тұлғалар, кәсіпкерлер және олардың жұбайлары кірістері туралы деректерді тапсыруға міндеттеледі. Құжат 2021 жылы қабылданғанымен, көпшілік үшін бұл норма күтпеген жайт болды. Қызмет көрсету секторы мен кәсіпкерлер мобильді аударымдардан бас тартып жатыр.
Мемлекеттік кірістер комитеті 44 блогердің өз қызметі туралы тіркеудің, рұқсаттың немесе хабарламаның болмауына байланысты бұзушылықтар анықталғанын хабарлаған еді. Оларға қателерді өз бетінше түзету және бюджетке салық төлеу құқығын бере отырып, бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жіберілген.
Комитеттің 2023 жылғы 15 қазандағы мәліметі бойынша, бірде-бір блогердің салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша қарызы жоқ. Алайда 23 блогермен жұмыс жүргізілуде. Егер олар өз міндеттемелерін орындамаса, оларға айыппұл салынуы, табысының немесе мүлкінің бір бөлігі тәркіленуі мүмкін.
Осыған дейін елдегі танымал блогерлердің салық декларациясы туралы зерттеу жариялаған едік.
Заңнамаға өзгеріс еніп, арнайы қызмет түрі ретінде «инфлюенсерлік» қосылып, салық жүйесінде де ерекше назарға іліксе, блогерлер ақ қарға болғалы тұр. Табысын жасырып, көлеңкелі жолмен ақша тауып жүрген инфлюенсерлер ендігіде сақ қарға болмаса, жағдайы қиындауы мүмкін.