Ауғанстанда ауқатты адамдардың дастарханында «Рахат» компаниясының кәмпиті тұрады – Смадияров
Ауғанстанда қазақстандық өнімдерге деген сұраныс жоғары. Жалпы екі ел арасындағы сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
Кursiv.media тілшісі «Қазақстан «Талибан қозғалысын» елде тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарғанда екі ел арасындағы сауда саясатын ілгерілетуді, оның ішінде астық пен ұн өткізуді көздеді» деген сөз қаншалықты рас? – деп сұрады.
Ресми өкіл Қазақстан мен Ауғанстан 2023 жылы 1 млр долларға жуық сауда жасағанын, Қазақстанның бидайы мен ұнының 70%-ы Ауғанстанға экспортталатынын айтты.
«Бұған дейін Қазақстанның бизнес делегациясы Ауғанстанға барып келді. Олардың да бизнес өкілдері біздің елде болды. Жақын арада тағы да форум өткізу жоспарлануда. Мақсат: сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізу. Ауғанстан Қазақстаннан шемішке майын, күріш, кәмпит алады. Бұдан да басқа тауарлар бар», – деді Айбек Смадияров.
Кәмпит демекші, баспасөз мәслихатынан кейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Кursiv.media тілшісімен жеке сөйлесті.
«Ауғанстан халқына да азық-түлік қажет. Біз сұранысты қанағаттандырып отырмыз. Мысалы Ауғанстанда ауқатты адамдардың дастарханында «Рахат» компаниясының кәмпиті тұрады», – деді ол.
Айбек Смадияров Ауғанстанда 40 млн халық тұратынын, олардың да азық-түлік пен тауар тұтынатынын алға тартып, Ауғанстан тарапынан сұраныс болғандықтан, Қазақстан өзінде бар тауарды өткізіп жатқанын жеткізді.
«Ішкі нарықтан артылған бидайды Солтүстік өңірлердегі бидайды шірітпей, артылған ұнның сапасын бұзбай экспорттаған дұрыс қой. Көрші елдер Ауғанстанға бидайы мен ұнын өткізе алмай жатыр. Бізге нарық ашық тұр», – деді ресми өкіл.
Ол «Талибан» деген қозғалыс қана екенін, Ауғанстан халқының негізі санын аты аталған қозғалыстың мүшелері емес, қарапайым адамдар: дәрігерлер, мұғалімдер, жұмысшылар, саудагерлер, ерлер мен әйелдер және балалар құрайтынын түсіндірді.
Тілшінің Қазақстанның «Талибан қозғалысын» елде тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығаруын әлем қалай қабылдады? деген сұрағына ресми өкіл: «Біз өзіміздің ұлттық мүддемізді алға қоямыз», – деп нақты жауап берді.
Естеріңізге салайық, 2023 жылдың соңында Қазақстан «Талибанды» елде тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарады.
Осыған қатысты мәлімдеме жасағанда Айбек Смадияров:«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті қарарларына сәйкес, «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне енбейді. Соған сәйкес, Талибанды қазақстандық тізімнен шығару туралы шешім қабылданды», – деді.
2021 тәліптер Ауғанстан территориясының көп бөлігін бақылауды орнатты, ал 15 тамызда ел астанасы – Кабулды басып алып, Ауғанстанды толық бақылауға алғанын жариялап, елдегі саяси партиялардың қызметіне толық тыйым салды.
2021 жылдың тамызында Ауғанстан президенті Ашраф Ғани отставкаға кетіп, билікке Талибан содырлары келгеннен кейін, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылауды жалғастыра отырып, Талибан қозғалысын мойындамайтынын хабарлады.
2023 жылдың сәуірінде Қазақстан Талибан дипломаттарына Астанадағы Ауғанстан елшілігінде отыруға рұқсат берді. Сол кезде Сыртқы істер министрлігі Қазақстан БҰҰ ұстанымын ұстана отырып, Талибанмен байланысын дамытпайтынын мәлімдеген. Еліміз тек сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға және ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті еді.
2023 жылғы тамызда Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» қозғалысының мәртебесін өзгертпейтінін хабарлаған.