Аяз бен боран: Қазақстанның бірнеше өңірінде мектептер онлайн оқытуға көшірілді

Жарияланды
онлайн оқытуға

Өңірлерде негізінен бірінші ауысым оқушылары онлайн оқытуға көшірілген / Фото: kursiv.media

Аяз бен боранға байланысты еліміздің бірнеше облысында мектептер онлайн оқытуға көшірілді.

Онлайн оқытуға Астана қаласының оқушылары көшірілді. Бұл жайлы қалалық білім басқармасының әлеуметтік парақшасында хабарланды.

«2024 жылғы 15 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», –делінген хабарламада.

Сондай-ақ Көкшетау қаласының білім басқармасы да ауа температурасы -25 С градусқа дейін төмендеуіне және боранның күшеюіне байланысты бірінші ауысымда оқитын 1-9 сынып оқушыларын қашықтан оқыту туралы шешім шығарған.

Қарағандыда да бірінші ауысымда оқитын сыныптар онлайнға ауысқан.

«2024 жылғы 15 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», – деп хьабарлады Қарағанды қаласының білім бөлімі.

Сонымен бірге Ақтөбе облысында 2024 жылғы 15 қаңтарда ауа температурасының төмендеуіне байланысты I ауысымда Ақтөбе қаласы, Әйтеке би, Алға, Темір, Қобда, Қарғалы, Байғанин, Хромтау аудандарының 1-9 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылған.

-25-30 градус аязға байланысты Қостанайдың 8 ауданында оқу форматы онлайнға ауыстырылған.

Ал ШҚО-да бірінші ауысымда оқитын 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқытылса, көрші Абай облысында 3 аудан оқушылары сабақты үйден оқиды.

«2024 жылғы 15 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты I ауысымда – Аягөз ауданындағы 12 мектептің 1-11 сынып оқушылары, Көкпекті ауданындағы 14 мектептің 1-11 сынып оқушылары, Ақсуат ауданындағы 17 мектептің 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылды»,- делінген әкімдік хабарламасында.

«Қазгидромет» Қазақстаннның 15 өңірінде дауылды ескерту жариялады. Болжамға сәйкес өңірлерде қар жауып, ақ түтек боран соғып, үскірік аяз болады.

Еске сала кетсек, 12 қаңтар күні Абай облысы мен Астана қаласының оқушылары қашықтан оқытуға көшірілген болатын.

Осыған дейін Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып,боран соғатыны хабарланды. Сонымен бірге бұл күндері -32 градусқа дейін аяз болатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз