«Қазақстан халқына» қорына екі жылда қанша қаражат түсті – Болат Жәмішев жауап берді

Жарияланды
"Қазақстан халқына" қоры
«Қазақстан халқына» қоры тірек мектептеріне қолдау көрсетеді / Фото: kursiv.media

«Қазақстан халқына» қорына 2 жылдан бері 196,6 млрд теңге қаражат түскен. Бұл жайлы қордың Басқарма Төрағасы Болат Жәмішев айтты.

Қор 2 жыл ішінде жалпы сомасы 90,9 млрд теңгеге көмек көрсеткен. Бұл қаражат қазақстандықтардың денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, мәдениет және спорт салаларына көмек көрсетуге жұмсалған.

«Қор бағдарламалары еліміздің барлық 20 өңірінде іске асырылады және ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларға баса назар аударылады. 2022 жылы біз қайырымдылық бойынша үлкен ұлттық конференция өткіздік. Қор өзінің қызмет ету мерзімінде жалпы сомасы 177 млрд теңгеге іске асыруға жоспарланған 67 қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы болды», – деді «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.

Оның айтуынша қордың ресурстары қайырымдылық жарналары есебінен қалыптастырылған.

«Қазіргі уақытта Қорға 196,6 млрд теңге түсті, оның ішінде екі жылда Қор жалпы сомасы 90,9 млрд теңгеге көмек көрсетті. Негізгі сома қазақстандық кәсіпорындардан түсті. Сонымен қатар, жеке тұлғалар да қаржы аударады. Сондай-ақ «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 5-тармағына сәйкес жыл сайын «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының кемінде 7% -ын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. 2022 жылғы қаржылық есептіліктің қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Қазақстан халқына» ҚҚ 66,6 млрд теңге көлемінде ақшалай қаражат бөлді. Қорға 20,6 млрд теңге мөлшерінде алғашқы жарна түсті, қалған сома келісімге сәйкес 2024 жылғы наурызға дейін жіберілетін болады. Бұл қаражат Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыруға және орфандық аурулары бар азаматтарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі бекітілген тәсілдерге сәйкес 2024 жылы дәрілік заттарды сатып алуға жұмсалады», – деді қор басшысы.

Қор басшысы бүгінде денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 103,3 млрд теңгеге 12 қайырымдылық бағдарламасы жүзеге асырылғанын айтты. Ол сонымен бірге қордың флагмандық жобасы – тірек мектептері екенін атап өтті. «Қазақстан халқына» қоры білім беру саласында 9 бағдарлама мен жобаны іске асырып жатыр. Бұл ретте тірек мектептерді дамытуға баса назар аударылған. Елімізде барлығы 191 тірек мектеп бар. Оның ішінде 80 мектепті жабдықтау аяқталған. Сонымен қатар, Қор аудандық мектептерді робототехника кабинеттерімен жабдықтауға көмектескен.

«Біз 20 моноқаладағы барлық 173 мектепті робототехника сыныптарымен жабдықтаймыз»,– деді қор басшысы.

Жәмішев сонымен бірге бұл мектеп мұғалімдерін Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогтері оқытатынын айтты. Бұл орайда қор басшысы Назарбаев зияткерлік мектебіне қордан ешқандай қаражат бөлінбегенін мәлімдеді.

«Біз Назарбаев зияткерлер мектебіне ақша төлемейміз. Олар бұл шараларды өз есебенінен өтейді. Жалпы біздің серіктестеріміздің ешқайсысына да ақша төлемейтінімізді айта кеткім келеді», – деді ол.

Еске сала кетсек, Болат Жәмішев Президентке «Қазақстан халқына» қорының жұмысы туралы баяндаған болатын. Ол Қордың азаматтарымыздың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы негізгі мәселелерін шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 миллиард теңге болатын 40-тан астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаны қаржыландырылғанын айтты. Сондай-ақ қордың бағдарламалары ауылдық елді мекендер мен еліміздің шағын қалаларына басымдық бере отырып, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз