Жаңалықтар

Отандық ет пен сүт өнімдері Ресей нарығына қайта шығарылады

Фото:uniface.kz

Ресей Қазақстаннан мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге қойылған шектеулерді алып тастады. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

Тиісті шешім ҚР және РФ -ның Ауыл шаруашылығы министрлері Айдарбек Сапаров пен Дмитрий Патрушев арасындағы келіссөздер барысында қабылданды.

«Қазақстандық өнімді экспорттаудағы кедергілерді жою жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізілуде», – деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, бұл екі мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды қадам. Тиісті шешім қос ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Естеріңізге салсақ, 2022 жылдың қаңтарында Қарағанды облысында аусыл ауруының пайда болуына байланысты РФ-ға қазақстандық өнімнің импорты шектелген болатын. Алайда 2 жылдық үзілістен кейін Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының вакцинациясымен ресми қолайлы аймақ мәртебесіне ие Қазақстанның аймақтарынан алынған мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге нарық қайта ашылады.

«Келісім аясында Ресейге сиыр еті, қой еті, шошқа еті, сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ өзге де ет өнімдерін экспорттау қолжетімді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің ауылшаруашылық министрліктері «ЕАСУ» АЖ ақпараттық жүйелерін «Аргус-Фито» ФМАЖ және «Меркурий» (Россельхознадзор) ФМАЖ-мен интеграциялауды жоспарлауда. Бұл ветеринарлық-бақылау процедураларын жеңілдетуге және оңтайландыруға, қажетсіз кедергілерді жоюға, шекараларда бақылаудан өту уақытын автоматтандыруға және қысқартуға мүмкіндік бермек.